Облысында биыл тағы 45 ауылға газ тартылады
Түркістандық студенттер бір ауылға көгілдір отын кіргізіп жатыр. Байылдыр ауылының тұрғындары бұған дейін көмір түсіріп, күл шығарып келген, деп хбарлайды Almaty.tv.
Ал Кентау көпсалалы колледжінің студенттері елдімекенге газ тартуға атсалысуда. Солардың бірі - Диас Дәулетұлы. 3-курс студенті газ саласы мамандығы бойынша білім алып жүр.
"Бұл - бізге тәжірибе. Құбырларды дәнекерлеп жатырмыз. Экскаватор және басқа техниканы жүргізуді үйреніп жүрміз", – деді студент Диас Дәулетұлы.
Газдандыру жұмыстары тек осы ауылмен тоқтап қалмайды. Студенттер көктем айларында Қарнақ, Хантағы ауылдарына да көгілдір отын тартуға қолғабыс етпек. Жетекшінің сөзінше, жастар жұмысқа тез бейімделген. Қазір іс-тәжірибеден отыздан астам студент өтіп жатыр. Түркістан облысында 807 елдімекеннің 500-ден астамы көгілдір отынға қосылған. Биыл тағы 45 ауылға газ тартылады.
"Әрбір екі үйдің арасына 2 есептегіш құрал жәшік орнатып жатырмыз. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда жер үсті газ құбырлары 57 диаметрде құрылып жатыр", – деді жетекші Қазбек Қамбаров.
Оқи отырыңыз: Соңғы пәтер: жастарға арендалық баспана берілмейді