Су шайып кеткен «Өскемен-Алтай» тасжолы қайта ашылды

16.04.2025 15:42

Бұл жол кеше сағат 20:00 шамасынан бері жабық тұрған

Jay Wennington/unsplash.com/

Шығыс Қазақстан облысында су шайып кеткен республикалық маңызы бар тасжолдың учаскесі қалпына келтірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

16 сәуірде сағат 14:30-да «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының 56-шақырымында көлік қозғалысына рұқсат етілді. Бұл жол кеше сағат 20:00 шамасынан бері жабық тұрған.

"16 сағаттың ішінде «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалы мен «Kurylys Group RK» ЖШС қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Су шайып кеткен жолдағы жұмыстарға 22 техника мен 30 адам жұмылдырылды. Жолға 4000 тонна тау жынысы төселді", - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

Айта кетейік, аталған учаске су тасқыны қаупі бар аймаққа жатпайды. Сондықтан онда су өткізгіш құрылымдар жоқ.

 Оқи отырыңыз: Алматыда марихуананың ірі партиясы тәркіленді