Су тасқыны: Ақтөбе облысында дайындық қалай жүргізілуде

03.02.2025 19:31

Сазды және Қарғалы су қоймасындағы гидротехникалық құрылымдар жөнделген

Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы күрес қарқынды жүріп жатыр. Себебі былтыр өңірдегі жағдай күрделеніп кеткен еді. 4200 үй су астында қалып, оның мыңнан астамы тұруға жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы 250 миллион текше метр. Оған жиналған су арнайы жабдықтардың көмегімен сыртқа жіберіліп отырады. Кейін Елек өзенінің арнасына түседі. Қазір жағаға жақын аймақта бірнеше жекеменшік нысан орналасқандықтан, тұрғындардың қауіпсіздігі қондырғылардың жұмысымен тікелей байланысты болып отыр. Олар қолданысқа берілген 1988 жылдан бері жөндеу көрмеген. Тек биыл жаңғыртылған.      

"Толығымен жаңғырттық. Жарықшақтарды бітеу жұмысы жүргізілді. Резеңке тығыздағыштар мен су жіберілетін жердегі металл бөліктер ауыстырылды. Қоршаулар, күзет дабылы мен бақылауға арналған мұнараларға да жөндеу жүргізілді", – деді "Қазводхоз" РМК ұйымдастыру және өндірісті басқару инженері Тимур Тілеуов.

Сазды және Қарғалы су қоймасындағы гидротехникалық құрылымдар да жөнделген. Сондай-ақ биыл екінші нысанға жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Ал бүгінде өңірдегі ақ ұлпаның мөлшері көп емес. Десе де синоптиктер ақпан және наурыз айларында қар жаууы мүмкін екенін ескертті.  

 "Облыста 58 елдімекенде су тасқыны жүруі мүмкін. Бұл аймақтарда бөгеттерді жөндеп, арықтарды тазалап, жағалауды қоршап, су өткізгіштерді құрылды", – деді  Ақтөбе облысы ТЖД бөлім бастығы Әлішер Сарыбаев.

Қауіптің бетін қайтару үшін 3 су қоймасында да инертті материалдар мен жанар-жағармай қоры толықтырылып, дизельді электр генераторлары қойылған. Ал сала мамандарының дерегінше, өңірде су басу деңгейі төмен. Дегенмен қызметкерлер төтенше жағдайға сақадай сай отыр. 

Рүстем Айткәрім, Эльмира Ержанова, Азамат Кубегенов, Ақтөбеден

Оқи отырыңыз: Еңбек адамы: жұмысшылар бір ағза сияқты еңбек етуде - Алкен Кенжебаев