Жұртшылық 5 жылдан бері су мен жарыққа жарымай келеді
Алматы облысында өркениет игілігінен өгейлік көріп отырған ауыл бар. Мұнда тұрмысқа қажетті ең қарапайым дүниелердің өзі қолжетімсіз. Жұртшылық 5 жылдан бері ауыз суға жарымай, жарықтың азабын тартып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жарық бар деуге ауыз бармайды. Бұл – Гүлдала ауылдық округіне қарасты Кіші Байсерке ауылы тұрғындарының жанайқайы. Жұртшылықтың айтуынша, 2018 жылдан бері электр желісінің қуаттылығы төмен. Артық техника қосылса, құрылғылар жаппай жанып кетеді екен.
"Кешкісін бәрі жұмыстан келеді. Жарық өшеді. Қаншама халық несиеге құрылғы алады, жылу пеші болсын, теледидар, тоңазытқыш болсын, бәрі күйіп жатыр. Ең басты нәрсе – бізге жарық керек", - дейді Кіші Байсерке ауылының тұрғыны Талғат Әбілахов.
Бұл түйіткілді "Бауыр Құрылыс компаниясы" 2024 жылдың қарашасында толық шешуі тиіс болған. 62 шақырымға жаңа электр желісін тартып, 9 трансформатор орнату уәде етілген. Алайда қаржы жеткіліксіз бөлінуіне байланысты жоба жарты жолда тоқтап қалған. Тұрғындар бұл мәселеге нақты қаражат себеп пе деп күйінеді.
"Қаражат қайда кетті?! Қаражат жеткілікті жерге жетсе, қара халықты айғайлатпай, шулатпаса дұрыс болар еді. Біздің талап ететініміз - электр жүйесін бітіріп, жарық мәселесін ертерек аяқтап беруін сұраймыз", - дейді Кіші Байсерке ауылының тұрғыны Кенжебек Тұрысбеков.
"Қазіргі таңда жобаны толық жасатып, 2024 жылы мердігер анықталып, жұмыстар басталған. Бірақ ақшаның бөлінбеуіне байланысты, жұмыс аздап созылды. Өздеріңізге мәлім, батыстағы су тасқынына байланысты қаржының көп бөлігі сол жаққа кетті. Бірақ жұмыс тоқтаған жоқ, 95 пайыз аяқталып тұр. Тек қосу жұмыстары қалды", - деді Талғар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Шатлық Әділов.
Кіші Байсеркеде оған қоса, су мәселесі де өзекті. Тұрғындардың басым бөлігі сорғы тарту арқылы тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр. Кейбірі үй ауласынан өз қаражатына су ұңғымасын қаздырған. Десек те, құдықтан алынған су қолданысқа жарамсыз дейді. Сол себепті көршілерінен тасып ішуге мәжбүр.
"5 жыл болды, суды тасып ішеміз. Жаздыгүні арбамен, қыстыңгүні шелекпен тасимыз. Жылда әр үйден тасып тұрамын. Себебі қатып қалады дейді, бергісі келмейді. Кім көрінгенге жалынышты болып жүрміз", - дейді Кіші Байсерке ауылының тұрғыны Нұрлан Қарпықов.
Талғар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мамандарының мәліметінше, Кіші Байсеркедегі сумен жабдықтау жұмыстары тек наурыз айында басталмақ. Оған дейін қарашаға қам жасап, амалдай тұруға тура келеді.
Мәди Мәлік, Ғани Қалуов, "Алматы" телеарнасы, Алматы облысынан
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған 40-тан астам кәсіпкер анықталды