Биыл ауданында 10 балабақша ашылады
Биыл Медеу ауданында 10 балабақша ашылады. Сонымен қатар Мұзтау, Сұлусай, Атырау, Алатау мен Малая Станица және Таулы қырат шағынаудандарында 100 шақырымдық су желісінің құрылысы аяқталмақ. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медеу ауданының тұрғыны Людмила Светличная көгілдір отынға қатысты мәселемен көптен бері күресіп келеді. Оның айтуынша, Қабанбай батыр, Қармысов, Төле би және Бутаковская көшесінің аралығында орналасқан үйлерде қыс айларында газ құбырындағы қысым азайып, азаматтарды әбігерге түсіреді. Су қосса, қондырғысы өшіп те қалатын тұрғын «оған аумақта биік ғимараттардың көбейгені, тұтынушы саны артқаны себеп болып отыр» дейді.
«Қыс түсе салысымен газдың қарқыны бәсеңдейді. Үй суып кетеді. Кейде тамақ пісірейін десең, көгілдір отынның қауқары жетпей қалады. 4 күн газсыз қалған кездер де болды. Қаражатын төлеп отырмыз ғой, сапа неге жоқ?» – деді қала тұрғыны Людмила Светличная.
Дәл осы сауал бүгін қала әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде талқыланды. Шаһар басшысы жауаптылардың мәселеге ертеден көңіл бөлмегенін сынға алып, олқылықтың орнын дереу толтыруды тапсырды.
«Техникалық шешім керек. Қыс бітейін деп қалды, сол себепті наурыздың соңына дейін уақыт беремін. Қажет болса, қаражат бөлейік. Бірақ тұрғындарды газсыз қалдыруға болмайды. Көгілдір отын жетіспей тұрған аумаққа көңіл бөліңіздер» – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Шаһар басшысының Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде жылу жүйесі мен көгілдір отынға, қоғамдық көлік пен кәріз құдығына қатысты мәселелер де талданды. Алматылықтар толғандырған бірнеше сауалдың жауабын тапты. Соның бірі Гоголь-Бәрібаев көшесінің бойындағы нысанға қатысты болды. Тұрғындар меншік иесі заңсыз құрылыс жүргізгенін жеткізді. Ал қала әкімі болса, мәселенің жақын аралықта шешілетінін, заң бұзылғаны анықталса, сүрілетінін жеткізді.
Жиында ауданда орналасқан № 2 перзентхананың ғимараты сүріліп, оның орнына жаңасы бой көтеретіні айтылды. Ал жаңғыртылып жатқан № 4 қосалқы жедел жәрдем стансасының құрылысы биыл маусымда аяқталады. Қазір ғимараттың іргесі қаланып, алғашқы қабаты салынып қойған.
«Ғимараттың аумағы 1000 шаршы метр. Үш қабат, ішінде 5 көлікке арналған орын бар. Жер сілкінісіне төзімді бағаналар қойылған, – деді құрылыс учаскесінің басшысы Әлішер Әбенов.
Медеу ауданы – қаладағы ең ірі әрі танымал туристік орталық саналады. Былтыр 9 айдың ішінде ауданға 430 мыңнан аса турист келген, оның 100 мыңға жуығы шетел азаматы. Қазір осы көрсеткішті ұлғайту, келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында біршама іс атқарылып жатыр. Биыл сәуірге дейін Тереңқұр жаяу жүргіншілер жолының 3,4 гектар аумағын абаттандыру жоспарланған.
Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда есірткі жарнамалары жойылды