Нәтижесінде еліміздің түрлі өңірлері мен ірі қалаларында 100 мыңға жуық оқушы орны жасақталды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан тәркіленген барлық қаржы әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталуда. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы қайтарылған 153,3 млрд теңгеден 89 мектептің құрылысына қаржы бөлінді. Нәтижесінде еліміздің түрлі өңірлері мен ірі қалаларында 100 мыңға жуық оқушы орны жасақталды.
"Осы 89 мектептің 61-і салынып, пайдалануға берілді, оның 29-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл шара 6 үш ауысымды, 2 апатты және 1 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік берді", − деді Д. Бигайдаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте өткен брифингте.
Өткен жылы 25 жаңа мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан. Биыл 22 мың оқушыға арналған тағы 28 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Барлық білім беру ұйымдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалған.
Сонымен бірге, «Арнаулы мемлекеттік қор» арқылы да әлеуметтік нысандар құрылысы қаржыландырылған. Бұл қор мемлекет меншігіне қайтарылған мүлікті сатудан түскен қаражат есебінен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күштері арқылы толықтырылады.
Қаражаттың бір бөлігі ауылдық жерлердегі 7 мектепті (Атырау, Түркістан облыстарында, Жетісу және Ұлытау облыстарында), 2 спорт кешенін (Ақмола және Алматы облыстарында), 1 жатақхананы (Шымкент қаласында) және 2 балабақшаны (Ақтөбе және Петропавл қалаларында) қоса алғанда, 12 нысан салуға бағытталды.
Сонымен қатар, елордада Арнайы мемлекеттік қор қаражатына Қ. Мұнайтпасов атындағы 3598 орындық жаңа стадион салынады.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы 105 нысан (Риддер қаласындағы көпфункционалды аурухана кешені, жедел жәрдем станциялары, медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, зертханалар), 162 сумен жабдықтау жүйелері (су құбыры және тарату желілері, су тарту және қысым-реттеу құрылыстары) мақұлданды.
Арнайы мемлекеттік қордан еліміздің түрлі өңірлерінде 223,9 млрд теңгеге 280-ге жуық әлеуметтік маңызы бар нысандарды инвестициялауға қолдау көрсетілген.
Айт кетейік, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 триллион 130 миллиард теңгеден астам актив қайтарылды. Активтердің едәуір бөлігі – 670 миллион АҚШ доллары шетелден қайтқан.
Оқи отырыңыз: Мобильдік аударымдар туралы түбегейлі шешім қашан қабылданады