Сыр өңірінде 150 жыл бұрын жазылған Құран көпшілікке таныстырылды

23.04.2025 15:53

Әмбебап кітапханада 2010 жылдан бері көне кітаптар жинақталып келеді

Сыр өңірінде сирек кездесетін кітаптар көрмеге қойылды. Олардың арасында бірнеше ғасыр бұрын араб қарпімен жазылған құнды мұралар бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айта кетейік, аталған әмбебап кітапханада 2010 жылдан бері көне кітаптар жинақталып келеді. Бүгінде олардың саны мыңға жеткен. Қордағы ең ескі жәдігер – 150 жыл бұрын жазылған Құран. Тұтас бір жарым ғасыр өтсе де құнды кітаптың әріптері әлі өше қоймапты. Қазыналы қорда одан бөлек, Алаш арыстарының да біршама қолжазба еңбегі бар.

Қызылорданың ел астанасы болған жылдарда жарық көрген басылымдар да назарға ұсынылған. Сирек кітаптардың көпшілігі жергілікті тұрғындардың жеке қорынан алынып, арнайы зертханада қалпына келтірілген.

«428 мың кітап қоры бар болса, соның 1007 данасы сирек кітаптар қорында. Оның ішінде мақтанышпен айта алатын 10 қолжазбамыз бар. Диуани хикмет, Физулидің Ләйлі-Мәжнүн, тағы басқа көптеген қолжазбалар сақталған. Шығыс кітаптары көбіне діни кітаптар. Олардың көбі әлі зерттеуді қажет ететін кітаптар. Қазіргі таңда зерттеп, каталогын жасап жатырмыз», – деді кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлдерайым Қосанова.

«Көне тарихи деректермен танысып жатырмыз. Өте керемет! Балаларымыз кітапханадан басылымдарды пайдалана отырып, жұмысын жазады деген ойдамыз», – деді тарих пәнінің мұғалімі Гүлбағира Бәкірова.

Оқи отырыңыз: Ұлттық кітап күні: Абайдың сирек кітаптары көрмеге қойылды