Қызылорда облысы бойынша 150 мың сарбаз майдан даласына аттанып, 60 мыңы ғана елге оралған
Уақыт өткен сайын кеудесін от пен оққа тосып, Отан қорғаған қарт майдангерлердің қатары сиреп барады. Мәселен қазір Сыр өңірінде сұрапыл соғысты көзбен көрген екі-ақ ардагер бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Яхия Тасыров биыл 103 жасқа толды. Қарт майдангер әлі тың. Өткен ғасырдағы кескілескен шайқастың әр сәті қарияның жадында жазулы. 20 жасында ұрыс даласына аттанған ол Беларусьті, Курск қаласы мен Польшаны азат етуге қатысқан. Майдангер 1945 жылы ауыр жарақат алып, жеті ай емделген. Жеңіс күнін Мәскеудегі госпитальде қарсы алыпты.
«Үш түрлі заман көрдік. Кешегі соғыста пысықтықтан, білімділіктен аман қалғаным жоқ. Тұр деді тұрдық, ат деді аттық. Жүгірдік, ұмтылдық. Алдына түспесем де, артында жүрмеймін», – деді соғыс ардагері Яхия Тасыров.
Дәрігерлер соңғы үш жылда ақсақалдың ауруханаға жатпағанын айтады. Бірақ сонда да медицина мамандары ардагерді тұрақты түрде тексереді.
«Соңғы 3 жыл көлемінде ауруханаға жатпады. Қазіргі таңда шағымы жоқ. Бірақ аптасына 2 рет медбике мен дәрігері аймаққа келіп қарап тұрады», – деді Сырдария аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанар Жұмабаева
Яхия Тасыров елге келгесін әскери даярлық пәнінен сабақ берді. Кейін бірқатар өндіріс орнында жұмыс істеп, ауданның дамуына еселі еңбек сіңірді. Кеудесі қазынаға толы қария әрдайым кішіге өнеге болар өсиет айтудан жалыққан емес. Саулығын сұрай келгендерге ақ батасын жаудырады.
«Тілегіміз ақ болсын, көңіліміз шат болсын. Ер-азамат ел алған, ел-жұртыңа бақ қонсын! Қыдыр болсын жолдасың, Әулиелер қолдасын! Барша қазақ еліне, Бақ-береке орнасын!», – деді соғыс ардагері Яхия Тасыров.
Дәл осындай медициналық тексеру қазалылық майдангер Тілеуберген Тобабергеновке де жасалды. Дәрігерлер ақсақалдың денсаулық жағдайын бақылап, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті.
«Аудандағы жалғыз соғыс ардагері Тобабергенов Тілеуберген қариямыздың жағдайы кезекті рет сұрап келдік. Аудандық аурухана қызметкерлері тарапынан медициналық көмек, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуде», – деді Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Қадырбек Әліпов.
Тілеуберген Тобабергенов – бозбала шақтың бақытын көрмеген буын өкілі. Ол соғыс даласына небәрі 18 жасында аттаныпты. Қару асынып, Беларусь майданына түскен сарбаз Польша, Чехословакия елдері мен Калининград қаласын азат етуге қатысыпты. Ал ұлы жеңісті Берлинде қарсы алған. Қызылорда облысы бойынша 150 мың сарбаз майдан даласына аттанып, 60 мыңы ғана елге оралған. Олардың соғыстағы жанқиярлық ерлігі уақыт өткен сайын асқақтай бермек.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: елордада өтетін әскери шеруге дайындық қалай