Сыр өңіріндегі Нағи Ілиясов ауылы үздік атанды

05.02.2025 17:54

Елдімекен дүниежүзілік байқауда Қазақстан атынан сынға түспек

Сыр өңіріндегі Нағи Ілиясов елдімекені еліміздің үздік 5 туристік ауылының қатарына енді, деп хабарлайды Almaty.tv

Алпыс жылдық тарихы бар ауылдың адам танымастай өзгеруіне алдымен елдегі еңбеккер азаматтар ынталы болған. Елдімекен 1990 жылдары тозып, көп ауылмен бірге күйреудің аз-ақ алдында қалды. Бүгінде аумақтың келбеті көркейіп, халықтың еңсесі тіктелген. Мәселен Еңбек Ері Абзал Ералиев күріш шаруашылығын дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Бірнеше мәдени-әлеуметтік ғимаратты жаңғыртып, кейбірін жаңадан салды. «Көздің жауын алатын гүлзарлар мен заманауи үлгідегі әрбір нысан туристерге де тартымды..  

"Астанадан, Алматыдан келген ағайын-туыс ауылға таңдана қарайды. Кешке көшелер жарқырап тұрады, ал жазда айналаның бәрі гүлзар", – деді Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Анықбек Қаймолдаев.

Ауыл көшелері толық асфальтталған. Көше бойындағы көшеттер де жаңаланып тұрады. «Газ құбыры да жүргізіліп, жақын арада әр үйді көгілдір отынға қосу жұмыстары басталады» дейді ауыл әкімі. Жоспарда бұдан өзге жобалар да жетерлік.

"Туризмді дамыту мақсатында ауылда биыл музей ашуды қолға алып жатырмыз. Оеда ауыл еңбекшілерінің еңбегін насихаттаймыз", – деді Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағамбетов.

Гүлзат Амангелдиева Алматыда білім алған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында туған ауылына таңдауы түсіпті. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Жас маман заман талабына сай дамыған ауылда тұратынын мақтан етеді.

"Бірге оқыған студент, группаластар келеді. Ауылдың керемет табиғатын, әсемдігін көріп "қандай керемет ауыл!" деп мақтап жатады. Осындай ауылда туғаным бойымда мақтаныш сезімін туғызады", – деді мұғалім Гүлзат Амангелдиева.

Ауылда жастарға барлық жағдай жасалған. Бірнеше ойын алаңы бар. Ал зәулім спорт кешенінде 150-ге жуық бала шынығады. 

"Спорт кешенінде республикалық 2 жарыс  және үстел теннисінен облыс біріншілігі өтеді. Республикалық жарыстардан, ҚР чемпионаттарынан және Азия чемпионаттарынан жүлдегерлер де жетерлік", – деді Сырдария аудандық Дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Бағдат Есенов.

Заман талабына сай дамыған Нағи Ілиясов ауылы дүниежүзілік байқауда Қазақстан атынан сынға түспек.

Айта кетейік, аталған сайыста төрт ауыл бақ сынайды.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Дәрі-дәрмек дәрігерлер рұқсатынсыз сатыла бере ме - журналист зерттеуі