Тағдырлы тұлға: Дулат Исабеков – ұлттың ар-ожданы, руханияттың темірқазығы

24.02.2025 15:57

Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы, қаламын қару еткен қайраткер жазушы мұрасы – қазақ руханиятының шамшырағы

Көзді жасқа, көңілді шерге толтырып, тағы бір тау тұлға келместің кемесіне мініп кете барды. Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы, қаламын қару еткен қайраткер жазушы Дулат Исабеков 83 жасына қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қош, қазақ әдебиетінің қара нары! Осылай деп күллі қазақ оқырманы күңіреніп тұр. Жазушылар Одағында да классиктің орны ойсыраған. Қазақ прозасы мен драматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Дулат Исабеков тек әдебиет өкілі ғана емес, ұлттың ар-ожданы, руханияттың темірқазығы болды. Оның қаламынан туған «Әпке», «Гауһартас», «Ескі үйдегі кездесу» сынды туындылары өмірдің өзінен алынған шынайылығымен, терең психологиялық астарымен ерекшеленіп, бірнеше буынның жүрегінен орын тапты.     

"Дулат халқын тамаша шығармаларымен күлдіре де, жылата да, ойландыра да алды. Ол өзінің юморымен бірге шығармаларындағы трагизмды бейжай оқу мүмкін емес. Ол – шын мәнінде қазақтың әдебиетін әлемге танытып отырған сирек жазушылардың бірі", – деді жазушы, драматург Төлен Әбдік.

"Тек қана қазақ әдебиеті емес, түркі дүниесінің де үлкен ақсақалына айналған жазушы. Сонымен қоса бүкіл әлемдегі драматургия саласына, әлемнің ең үлкен театрларында спектакльдері қойылған бірден бір жазушы – Дулат ағамыз болатын", – деді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Дулат Исабеков – тағдырлы тұлға. Жөргектегі шағында өлім аузында жатып, жаназасы оқылғалы тұрғанда тірі екені мәлім болғаны - өзінше бөлек аңыз. Соғыс өрті шарпыған дәуірдің баласы болған ол - жеңіс үшін өз балалығын айырбастаған ұрпақ. Бірі білсе, бірі білмес, Исабековтің екі есімі, екі туған күні бар.

"Дулат» деген өскен, өнген елдің ішіне барып туылды. Ұл болса Дулат қойсын, қыз болса өздері білсін депті. Сырдың ар жағынан 2-3 апта келемін дегенше уақыт өтіп кеткен. Менің атымды Нысанбай қойып қойған. Ана жақтан кісілер келіп Мәулен атамыз айтқанын жеткізген ғой, ол кісінің лебізін жерде қалдыруға болмайды деп, азан шақырып Дулат деп қайта қойған ғой. Екі атым бар дейтінім сол, – деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.

Қазақ әдебиетінің қара нары ұлт тағдырына жаны ауырған қаламгер еді. 2013 жылы ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында қандастар мәселесін ашық көтеріп, елге үміт артып келген жандардың қайта көшіп жатқанына қынжылды. «800 қазақтың елден кетуіне өзіміз себеп болдық» деп, намысы бар жанның жүрегін сыздатқан шындықты айтты. Жазушы «Отаным!» деп оралғандарды жат жерге қайта кетуге мәжбүрлегендерді жазалауды сұрап, елдігіміздің сынға түскенін де еске салып еді.

"Әр мемлекет қызметінде жүрген азамат өзінің міндетін атқаруы тиіс. Оралмандармен жұмыс істеді ма? Оралмандармен жұмыс істесін. Оралмандарды қайтарып жібергеннен гөрі. Өлсек сүйегіміз осы жерде қалсын деген 800 қандасымызды қайтарып жібергенде, үйінде қалай тыныш отырады  түсінбеймін", – деді  Дулат Исабеков.

Ел мен жердің, әдебиет пен мәдениеттің жайына қатар алаңдаған қайраткермен қоштасу Қазақстан Жазушылар Одағының қара шаңырағында өтті. Жазушының соңғы сапарына жиналған жұрттың жүзінен бір дәуірдің көшкенін сезінген қимастық байқалды. Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет майталмандары мен Исабековтің замандастары, сондай-ақ қалың оқырман жиылып, жүректен шыққан қоштасу сөзін айтты. Мемлекеттік хатшы бастаған ел ағалары қаламгердің қазақ әдебиетіндегі асқақ орнын атап, оның шығармалары халық жадында, ұлт тарихында мәңгілік сақталатынын жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көңіл айту хаты оқылды.

"Дулат Исабекұлы – ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады", – деді Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин

Дулат Исабеков – студент кезінен-ақ қазақ әдебиетінің қара қазанында қайнаған қаламгер. Аға буын-асқақ жазушылардың тәлімін көрді, өнегесін алды. Өзі де кейінгіге бағдар болып, бағыт сілтеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан тұста да шәкірт тәрбиелеуден танбаған Исабеков мұрасы – қазақ руханиятының шамшырағы іспеттес.