Талдықорғандағы автокөлік тұрақтарының бірінде жарылыс болып, екі адам ауруханаға түсті

04.03.2025 18:50

12 жастағы қыз баланы анасы қиранды астынан шығарып алғанын айтты

Талдықорғандағы автокөлік тұрақтарының бірінде жарылыс болып, екі адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Оқиға таңғы сағат 7:00-де тіркелген. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күшті болғаны соншалық, 41 жастағы ер адам бірнеше метрге ұшып кеткен. Ал 12 жастағы қыз баланы анасы қиранды астынан шығарып алғанын айтты. Оның жамбасына зақым келіпті. Ал денесін күйік шалған үй иесі жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.

 «Бүгінгі оқиға бойынша бір науқас түсті  жағдайы тұрақты ауыр. Мойнының, бетінің, басының,  екі қолының және сол аяғының термикалық күйігі жарақатымен түскен. Жарақаты 1-2-3 А дәрежелеріне сәйкес келеді. Көлемі 20-22 процент пайызды құрайды.  Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, – деді қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары  Ерік Жүнісов.

Жарылыс болған жерде 50 шаршы метрлік жеке автотұрақ, ауладағы үйдің шатыры мен қабырғалары құлап, терезелерінің тас-талқаны шыққан. Сондай-ақ Жамбыл көшесіндегі бірнеше жер үйдің есік-терезелері бүлініп, жол бойында тұрған көлік зақымданыпты. Төтенше жағдайлар басқармасындағылар оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын жеткізді. Болжамға сүйенсек, апатқа көліктегі баллоннан газдың шығуы себеп болуы мүмкін.

 «Терезелер сына бастағанда мен жер сілкініп жатыр ма деп ойладым. Үйде жүргенмін, нақты не болғанын білмеймін.  Автокөліктегі газ баллоны бүлінбеген. Сарапшылар оның бүтін екенін айтты. Бізде сол жерде шұңқыр бар. Шұңқырда газ жиналғануы мүмкін, – деді қала тұрғыны Марина Гунькина.

Оқи отырыңыз: Мұқтаж жандарға арналған тұрғын үй: Алматыда пәтерлердің 20%-ы ХӘОТ-на беріледі