Оқушылар 3 ауысымды білім беру ұйымдарында қас қарайғанша сабақ оқуға мәжбүр
Атырау іргесіндегі Көктем шағынауданында екі жылдан бері мектеп құрылысы тоқтап тұр. Соның салдарынан ұл-қыздар 3 ауысымды білім беру ұйымдарында қас қарайғанша сабақ оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
600 орындық мектептің іргетасы 2022 жылы қаланған. Содан бері 3 жыл өтсе де әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатыр. Салдарынан Көктем ықшамауданының мыңнан аса оқушысы Ақжар, Ақсай, Жұлдыз, Қайыршақты елдімекендеріндегі оқу ордаларында білім алуға мәжбүр. Ата-аналардың айтуынша, күнделікті 5-6 шақырым жердегі мектепке бару – нағыз азап.
«Ақсайға тасимыз. Бірде балшық, бірде автобус болады, бірде болмайды. Немерелеріме жаным ашиды. Мектептің құрылысы қашан бітеді? Жұлдызда 3 мектептен бар, ал бізде біреуі де мектеп жоқ», – деді Көктем шағынауданының тұрғыны Раш Насырова.
«Үш ауысыммен оқиды. Таңертең сағат 7:00-де, ал 6-сынып оқушылар сағат 15:00-де мектепке барады. Кешкі сағат 8:00-де келеді. Жылда уәде береді. Құрылысы 2021 жылы басталды, 2022 жылы аяқталуы тиіс едә», – деді Көктем шағынауданының тұрғыны сәуле Әжіғалиева.
Шенеуніктер құрылыстың кестеден кешігуіне құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы себеп деп отыр. Қазір жобаға қайта түзету енгізіліп, қосымша қаржы сұраған.
«Жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Бұл – 2022 жылы шыққан жоба. Сметалық құны өзекті емес болуына байланысты түзетулер енгізіліп жатыр. Құрылыс монтаж жұмыстары тоқтаған жоқ. Қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отырмыз. Толық ақшасы бөлінген жоқ, қаражаты 3 миллиард теңге», – деді құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қабырбай.
Ал мердігер компания өкілі әкімдік сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, әу баста бөлінген қаржының тек 27 пайызы төленген. Сондықтан ол құрылыстың тұралап қалғанын жасырмайды.
«Тапсырыс берушіге байланысты жұмыстың жәй жүрәп жатыр. Олар қаржының 27 пайызы ғана төледі. Компания өз қаржысына жұмыс жасап жатыр. Бізге 800 млн теңге төледі», – деді мердігер компания өкілі Ақжол Жарас
Мектеп құрылысына әу баста 3 миллиард қаржы бөлінген. Қазір жұмыстың 60 пайызы аяқталған. Жауаптылар жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымын тапсырамыз деп сендіріп отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан
Оқи отырыңыз: Алматының тау бөктерінде тағы бір заңсыз нысан бұзылып жатыр