Таза Қазақстан: Алматыда 1,5 миллион түп ағаш отырғызылды

07.04.2025 15:18

Форум аясында Наурыз мейрамы тойланды

Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1,5 миллион түп ағаш отырғызылды. Бұл туралы шаһарда өткен «Таза Қазақстан: Табиғат пен Ұлттың Бірлігінде» атты халықаралық форумда белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеуге бағытталған басқосуда Моңғолия, Өзбекстан мен Қырғызстан елінің табиғат жанашырлары да қатысты. Іс-шараға жиналған мамандар салада қалыптасқан мәселелерді талдап, пікір алмасты.

 «1 жылдың ішінде 6 миллионға жуық адам «Таза Қазақстан» акцияларына қатысты. Бағдарламаны халыққа жеткіздік, көпшілік белсенді қатысты», – деді  «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.

Форум аясында Наурыз мейрамы тойланды. Тарихы айтылып, дәстүрді насихаттайтын қойылымдар сахналанды. Сонымен қатар ұлттық киім мен бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Ал Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері, ақын Мұхтар Шаханов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман жылы лебіздерін білдірді.

 «Амал күнінен бастап, әрбір күнді бір-бір ұлттық құндылықты насихаттауға арнап жатыр. Шынн мәнінде, егер сенсеңіздер, төбем көкке жеткендей қуаныштамын.Бұл – «Дархандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған» қазақтың қасиетінің  бір айғағы, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман.

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматы облысында мың тонна қоқыс шығарылды