Тең кеңесші: Алматыда онкологияға шалдыққан науқастарды қолдайтын жобаның таныстырылымы өтті

04.02.2025 20:31

Тең кеңесшілер – қатерлі ісікті жеңіп шығып, арнайы дайындықтан өткен және жеке тәжірибесін науқастармен тегін бөлісетін еріктілер.

Алматыда онкологияға шалдыққан науқастарды қолдайтын жобаның таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Обыр дерті диагнозы қойылған пациенттерге психологиялық көмек көрсететін бастама былтыр іске қосылған. Бүгін осы жобаға мұрындық болғандар бас қосып, атқарылған жұмыстың нәтижесін бөлісті. Ұйымдастырушылар қатарында қатерлі ісікпен күресетін қоғамдық қор өкілдері, дәрігерлер мен аты жаман дерттен айыққандар бар. Жиында аурудан емделіп жүрген жандар өз оқиғасын айтып, мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Олардың сауалдарына тең кеңесші - мамандар жауап берді.

Айта кетейік, тең кеңесшілер – қатерлі ісікті жеңіп шығып, арнайы дайындықтан өткен және жеке тәжірибесін науқастармен тегін бөлісетін еріктілер.

"Жоба Қазақстанның барлық қаласында іске қосылған. Онкологияны жеңіп шыққандар ғана ерікті ретінде жұмыс істей алады. Олар қатерлі ісіктен емделіп жүрген жандарға ақпарат беріп, психологиялық қолдау көрсетеді. Өйткені бұл науқастардың жанын тек осы дерттен айыққандар түсінеді", – деді  «Onco Senim Fund» қоғамдық қорының төрағасы Полина Юрченко.

Тең кеңесшілердің онлайн мектебі алғашқы оқу легін күзде өткізген. Екі айға созылған курсқа Алматы, Астана мен Павлодардан 17 адам қатысып, 14 азамат сертификат алды. Олар – қазір ремиссияда жүрген жандар. Егер жоба науқастар арасында тағы сұранысқа ие болса, биыл да жалғасын таппақ.

Айта кетейік, онкологияға шалдыққандар тегін кеңесті қазақ  және орыс тілінде телефон арқылы немесе ZOOM платформасында ала алады.

"Тең кеңесші" жобасы туралы әлеуметтік желіден кездейсоқ білдім. Бірден тегін курсқа қатысуға шешім қабылдадым. Өзім онкологияны жеңдім. Қазір тәжірибені бөлісіп, ақыл-кеңес айтамын", – деді тең кеңесші Динара Абеуова.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы онкология: заманауи емдеу әдістері қолжетімді ме