Тұралаған құрылыс: Таразда 800 оқушы әр мектепте сабылып жүр

Аймақтағы құрылыс басқармасы да аталған компанияны сотқа берген.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда былтыр пайдалануға берілуі тиіс ағарту ошағының құрылысы әлі бітпеген. Салдарынан 800-ге жуық оқушы әр мектепте сабылып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

№15 мектеп гимназияның іргетасы 63 жыл бұрын қаланған. Шағын ғимарат кеңестік кезеңде оқу комбинаты ретінде жұмыс істепті. Кейін мектепке айналған. Бастапқыда 550 орынға шақталғанмен, кейін оқушылар саны 800-ге жетіп, мектеп әкімшілігі соңғы 5 жыл бойы қосалқы ғимарат сұрап келген. Ал былтыр бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп, құрылыс басталған. Бірақ жаз ортасында бар жұмыс тоқтап қалды.

"Құрылыс басталғанда жылу жүйесі бқзылды. Қазір мектепте ешқандай жылу жоқ. Соған байланысты оқушылар бөлінді. Өйткені суық жерде балалар отыра алмайды. Екіншіден, құрылыс басталса, балалардың қауіпсіздігі үшін ауысып отырмыз", – деді № 15 мектеп-гимназиясының директоры Рахима Бөлекбаева.

Қазір 800-ге жуық оқушы басқа шағынаудандардағы 3 мектепке бөлінген. Ал жапсарлас ғимараттың тек 35 проценті аяқталған. Жоспар бойынша, ағарту ошағы жылға жетпей аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ тендерді ұтқан мердігер еліміздің әр аймағынан 40-тан аса құрылыс бастап, біразын жарты жолдан тастаған көрінеді. Аймақтағы құрылыс басқармасы да аталған компанияны сотқа берген.

"Келісімшартқа сәйкес, 700 млн теңге алдын ала төленген. Олар 35 пайызын орындады. Сотқа берген кезде міндетті түрде «жосықсыз тану» деп бердік. Алайда басқа өңірлерде медігерге қатысты осындай шағым түсірген. Төлемді қайтару және келісімшартты бұзу ісінде ұттық", – деді Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай.

Дегенмен мердігер құрылысқа салған қаржысын қайтару үшін қайта апелляциялық шағым беруі мүмкін. Олай болса, ағарту ошағы сақалды құрылысқа айналып, білім нысаны биыл да ашылмауы мүмкін. Былтыр аймақта 7 білім нысаны мен бір медициналық пункт құрылысы басталмай жатып тоқтаған. Олардың бәрінде тендерге қатысқан компаниялар конкурс нәтижесіне наразылық білдіріп сотқа жүгінген. Сондықтан барлық ғимараттың құрылысы осы жылға қалды.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Алматыда 211 заңсыз сауда орны сүрілді

Новости партнеров