Түркістан халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алуы мүмкін

26.02.2025 16:21

Әлемдік ұйымның сарапшылары рухани астанаға келіп, саланың дамуымен танысты

Түркістандық шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар әлемге танылмақ. Киелі шаһар «халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесін алуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Осыған орай, әлемдік ұйымның сарапшылары рухани астанаға келіп, саланың дамуымен танысты. Өз тәжірибелерін бөліскен мамандар Түркістанның бұл  мәртебеге ие болуы үшін қандай жұмыс атқарылуы керек екенін талқыға салды.

"Тарихы тереңде жатқан қаладағы шеберлердің жұмысын көруге арнайы келдік. Төрт күннің ішінде арнайы топ қолөнершілермен сөйлесті, жұмыстармен таныстық. Олардың бұйымдары өте керемет. Қаланың мүмкіндіктері мен  келешегін талқыладық. Түркістан – халықаралық қолөнершілер қаласы мәртебесін алуға әбден лайық", – деді өңірлік қазылар алқасының мүшесі Сохан Кумар Джа (Үндістан).

Еске салайық, былтыр Дүниежүзілік қолөнер кеңесі ұйымының 31 мүшесі Түркістанға арнайы келіп, жергілікті қолөнершілердің жұмысына жоғары баға берген. Ал шаһар басшысы өңірдегі шеберлерді қолдауға және туристерді тарту үшін бірқатар жобалардың қолға алынғанын жеткізді. Соның бірі – наурыз айында ел игілігіне берілетін қолөнершілер қалашығы. Туристік кешен 2,5 гектар аумақты алмақ. Нысан пайдалануға берілсе, қолөнер шеберлері қалашыққа жайғасып, бұйымдарын сатуға мүмкіндік алады.

"Қолөнердің дамуына үлкен мүмкіндіктер береді. Ерекше мәртебе де заң аясында қолөнершілерге ғимаратын жалдау, құрал жабдықтарын алу, шикізатын алу бағытында заңның шеңберінде субсидиялау жүргізетін боламыз. Бұл – Түркістанда қолөнершілер қаласы ретінде дамуына жасалып жатқан жұмыстар", – деді бизнесті қолдау, туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы.

Оқи отырыңыз: Рамазан айында азық-түлік бағасы арзандауы мүмкін