Түркістан облысында 102 адам туберкулез жұқтырған

12.03.2025 14:46

Өткен жылы өңірде 516 адамнан туберкулез анықталған

Towfiqu barbhuiya/unsplash.com/

Түркістан облысында 102 адам туберкулез жұқтырған. Кох таяқшасы балалар арасында көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өткен жылы өңірде 516 адамнан туберкулез анықталған. Ал балалар арасында 41 жағдай тіркеліп, көрсеткіш 4,7 пайызға өскен. Оның ішінде 21 бала 15 жасқа толмаған болса, 19 бала 15-17 жас аралығындағы жеткіншектер.

Жалпы, жоғары аурушаңдық Арыс қаласы мен Түлкібас, Бәйдібек, Мақтаарал, Сауран және Жетісай ауданы өскен. Екі ай ішінде флюорографиялық тексеруден өткен 7000 жуық тұрғынның арасынан туберкулез жұқтырған 8 науқас анықталған. 

"Бір қуанарлығы, туберкулездің асқынған түрі тіркелмеді. Биылғы жылдың 24 ақпаны мен 24 наурыз аралығында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес бойынша айлық басталды. Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен туберкулез ауруының алдын алу бойынша қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкес эпидемиологиялық іс шаралары қатаң бақылауға алынып, тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары кең көлемде насихатталуда", — деді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді