Түркістан облысында мүгедек балалардың денсаулығына бөлінген 85 млн теңге жымқырылған

14.01.2025 14:23

Орталық басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Түркістан облысында мүгедек балалардың денсаулығын жақсартуға бөлінген 85 миллион теңге жымқырылған. Оқиға Мақтаарал ауданында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оңалту орталығының басшысы мен бас есепшісінің бұл қылмысты 2018 жылдан 2024 жылға дейін жүйелі түрде іске асырып келгені мәлім болды. Олар ай сайын арнайы базаға жалған мәліметтер енгізіп, ақшаны өз есепшоттарына аударып отырған.

Сот барысында орталық басшысының құны 35 миллион теңге тұратын пәтеріне тыйым салынды. 

"Қазіргі таңда сот үкімімен орталық басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Және аталған мекеменің бухгалтері 7 жылға орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу тағайындалды", - деді облыстық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай.

Оқи отырыңыз: Аш қалдырып, ұрып-соққан: Павлодарда пансионат қызметкерлері зейнеткерлерді азаптап келген