Түркістан облысында мыңнан астам адамды кене шақты

19.03.2025 08:50

Биыл дезинсекциялық іс-шаралар 124 елдімекенде жүргізіледі деп жоспарланып отыр

Nikola Tomašić/unsplash.com/

Өңірде 26 наурыздан бастап залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өткен жылы кене шаққан 1416 адам медициналық ұйымдарға қаралған. Оның 11-нен ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы анықталды.

"Қауіпті ошақтарда және жұқтыру көзін анықтау үшін эпидемиологиялық, зоопаразитологиялық тексеру жұмыстары толық жүргізіліп, қоражайлар мен ауылшаруашылық малдарынан барлығы 3 468 кене жиналды. Зерттеу қорытындысы бойынша 16 сынамадан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қоздырғышы анықталды. Өткен жылы облыстық зоопаразитологиялық топ құрамдарымен 781 елді мекенде барлау жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде барлығы 62 918 кене жиналып, зерттеу қорытындысы бойынша 136 сынамадан аталған ауру қоздырғышы анықталды", - деді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов.

Биыл дезинсекциялық іс-шаралар 124 елдімекенде жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Ал, 26 наурыздан залалсыздандыру жұмыстары басталады. Дегенмен, күн райының өзгеруіне байланысты оның уақыты өзгеруі мүмкін.

Облыстық ветеринария басқармасы тарапынан «энзоотиялық» аурулардың алдын алу мақсатында биыл аудан-қала орталықтарындағы сақтау қоймаларына 63,3 тонна «Дизицип» сұйықтығы және 491,1 тонна «Дуэт» ұнтағы жеткізілуде. Іс-шараларды жүзеге асыруға арнайы киімдермен қамтылған 1 558 маман жұмылдырылып отыр. Сонымен қатар, қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Аталған шара екі кезеңде іске асады. Яғни жыл бойына 3,2 млн бас ірі мал, 10,5 млн бас уақ мал, 30,1 млн шаршы метр буферлік аймақ және 78,3 млн шаршы метр үйіргелік қора-жайлар залалсыздандырылатын болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда өсімдік майы өндірісі 26%-ға артты