Түркістан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген 3 305 адам бар
Түркістан облысының ардагерлеріне Жеңістің 80 жылдығына орай әкімдік тарапынан 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға санаттары бойынша 50 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсету жоспарланып отыр. Сондай-ақ еліміздің «Ардагерлер туралы» заңына сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде Жеңістің 80 жылдығын атап өту бойынша іс-шара жоспары кеңінен талқыланып, істелетін жұмыс пысықталды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асия Темірбаеваның баяндауынша, іс-шаралар жоспары тек мерекелік күндерді ғана емес, жыл бойы орындалуы қамтылған.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген 3 305 адам бар. Оның ішінде, 9-ы соғыс ардагері. Олар Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сарам, Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында тұрады.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев іс-шара жоспары туралы баяндады. Жеңістің 80 жылдығы аясында облыста ауқымды іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, батырлардың есімдерін насихаттау мақсатында түрлі конкурстар, экскурсиялар, ғылыми-практикалық конференциялар, «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойындары, бұқаралық спорттық шаралар, әскери шеру өткізу жоспарланып отыр.
«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған пойызын іске қосу аясында ардагерлер мен тыл еңбеккерлері және шалғайдағы стансалардың тұрғындарына медициналық білікті мамандар тарапынан тегін емдеу шаралары ұйымдастыралып жатыр.
Оқи отырыңыз: Бойжеткен бейтаныс ұсынылған тәттіден дәм татып, уланып қалды