Жаңа технология егінге қажетті суды үнемдеп қана қоймай, тыңайтқыш шығынын азайтады
Түркістандық диқандар егінге тіршілік нәрін жеткізе алмай, қиындыққа тап болады. Жылда қайталанатын мәселеден құтылу үшін суды қатаң үнемдеу шаралары қазірден қолға алынып жатыр. Өңірде былтыр су үнемдеу технологиясы 50 мың гектарға жеткен. Ал жаңа технология 2030 жылға дейін 216 мың гектар жерге енгізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде алғаш ашылған су үнемдеу технологиясын шығаратын кәсіпорында жыл сайын 50 мың гектар жерді суаратын жабдықтар шығарылады. Жоба құны құны 7 млрд теңге. Өндіріс орны іске қосылғалы шаруалардан түсетін сұраныс көлемі де артқан.
"Жаңбырлатып суғару дөңгелек болады. Ұзарту керек болса, тағы ұзартамыз", – деді зауыт қызметкері Айдар Әшірәліұлы.
Кәсіпорында тамшылатып суару қондырғылары жасалады. Жаңа технология егінге қажетті суды үнемдеп қана қоймай, тыңайтқыш шығынын азайтады. Өнімділікті 2-3 есеге дейін арттырады. Бағасы да нарықтан 15 пайызға төмен. Бұл технологияны шетелден алдырып жүрген диқандар үшін тиімді болып отыр.
"Шаруалардан ұсыныс түсіп жатыр. Ол кісілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бұл технология шетелден келген. Енді Түркістанда шығарылады, шаруалар да қасымызда", – деді зауыт басшысы Самат Есімханов.
Республика бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнімнің 13 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Алайда жыл сайын ағын су тапшылығы байқалады. Соның салдарынан өңірге қажет судың 70 пайызы көрші мемлекеттен алуға мәжбүр. Ал жаңа технология ауа райына алаңдамай, қалаған дақылды өсіруге мүмкіндік береді.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: ШҚО-да екі ауданда жұмыс уақыты 1 сағатқа кері шегерілді