Түркістан облысындағы 9 ауданда шегіртке қаптап кетті

14.04.2025 15:14

Шегіртке отап кеткен жерге 3-4 жылға дейін жарытып шөп шықпайды

Түркістандық шаруалар биыл шегірткенің жылдағыдан көбейіп кеткенін айтып дабыл қағуда. Қазір шегіртке өңірдегі 9 ауданда анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Келес ауданы – егіншілікке бейім аймақ. Сондай-ақ өңір халқының негізгі күнкөрісі төрт түлікке тәуелді. Сол себепті шаруалар «шегірткелердің кесірінен жайылымсыз қаламыз ба?» деп алаңдайды. Шалғай ауылдарда малмен жан бағып отырған халықтың шөп болмаса, күнкөріссіз қалатыны белгілі.

«Мал жайылымын жеп қойса, егістікке түседі. Кәдімгі қырдағы қауын-қарбыздың барлығын жеп, асфальтқа құлаған кезде машиналар тайып кетеді», – деді Ошақты ауылының тұрғыны Мырзакерім Міржанов.

Мамандар шегірткенің шамамен 400 мың гектар жерге жайылғанын болжап отыр. Қазір зиянкестердің ошағы анықталған Сарыағаш, Келес аудандары мен Арыс қаласында дәрілеу жұмыстары жүріп жатыр.

 «Шегіртке ұйықтап жатқан уақытта қимылдаймыз. Шегіртке қозғалғаннан кейін жан-жаққа қашады», – деді механизатор Жомарт Қалдыбек.

Биыл зиянкестер жылдағыдан екі жарым есе көп деп болжап отыр. Мамандардың айтуынша, бір апталық шегірткелерді 20-25 күнде дәрілеп бітпесе, қанаттанып кетуі мүмкін. Қазір өңірдегі 9 ауданда арнайы жұмысшы топтар жасақталған.

 «Бүгінгі таңда 190 анықтаушы қоғамдық ақылы жұмыспен тартылған, еріктілер бар. Осындағы ауыл округте тұратын диқандар, қойшылар, шопандарды қосқанда, 500 адам жұмыс істеп жатыр», – деді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.

Шегіртке отап кеткен жерге 3-4 жылға дейін жарытып шөп шықпайды. Сондықтан былтыр да зиянкестерден зардап шеккен жұрт қауіптің ертерек алдын алуды сұрап отыр.

Нұркен Әшіров, Алмат Ілисов

Оқи отырыңыз: Осы айдан бастап пойыз билеттерін сату ережесі өзгереді