Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері ҚР Қызыл кітабына енген жабайы жануарларды заңсыз аулау дерегін анықтады
Жергілікті полиция қызметінің полицейлері көліктегі күдікке ілінген 4 ер адамды полиция бөліміне жеткізді. Олар Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Созақ ауданында болды. Аудандық полиция бөліміне хабар берген «Охотзоопром» инспекторы күдікті көлікті тексеру керектігін айтқан. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері ҚР Қызыл кітабына енген жабайы жануарларды заңсыз аулау дерегін анықтады. Нәтижесінде күдіктілерден Toyota land cruiser көлігі, 16 ақбөкеннің өлексесі мен 13 мүйізі, 2 дана пышақ, 58 дана аңшы мылтығының оғы мен аңшы мылтығы және дүрбі, 12 калибрі екі ұңғылы 2 мылтық, 4 дана жарықтандырғыш заттай дәлелдеме ретінде тәркіленді.
«Тиісті сараптама тағайындалды. Бұл жайт жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бойынша тіркелді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда» - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Оқи отырыңыз: Талғарда 4 жігіт оқушы қызды зорлады деген күдікпен ұсталды