Түркістанда суши жеп, уланған үш науқас жансақтау бөлімінде жатыр

13.03.2025 14:55

Жалпы 22 адам әлі ауруханада ем қабылдап жатыр

Түркістанда суши жеп, уланып қалған 22 адам әлі ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 14 жасқа дейінгі 17 бала бар. Тағы үш науқас жансақтау бөлімінде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәмханадан жеткізілген пицца мен сушиді жеген тұрғындардың жағдайы сол күні күрт нашарлай бастаған. Қызуы көтеріліп, жүрегі айныған 55 адам көп ұзамай жедел жәрдем шақыртыпты. Араларында кәмелет жасына толмаған балалар мен жүкті келіншек те бар.

 «Иә, суши алдырып жеген. Сағат 11:00-де «бәріміз құстық» деді. Ал сағат 11:30-да жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Төрт-бес адам болған. Екі қыз бар, мектеп оқушысы. Қызымның жағдайы қазір жақсарды, жүкті еді, – деді қала тұрғыны Шахноза Нарзуллаева.

Осы оқиғадан кейін Түркістан қалалық Полиция басқармасы фастфуд өнімдерін әзірлейтін дәмхананы уақытша жауып, есігін мөрлеген. Улану дерегімен іс қозғалып, сараптама да тағайындалды. Ал дәрігерлер әзірге ауруханада қалған науқастарды оқшауланған палатада емдеп жатыр.

 «Бүгінгі таңға 22 науқас токсикалық тағамды инфекция диагнозымен емделіп жатыр. Оларға болжамды жағдай қойылған. Олардың жағдайы қазіргі уақытқа қалыпты. 22 науқас инфекциялық стационардың оқшауланған палаталарында ем алып жатыр, – деді қалалық орталық ауруханасы Жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Мутабар Шерметова.

Бір айта кетерлігі, суши жеп уланған науқастар тағамнан бөтен иіс пен дәм сезбедік деп отыр. Ал дәмхана қызметкерлерінің медициналық кітапшалары жоқ, кейбірінде тіпті тиісті мерзім өтіп кеткен.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Есікті теуіп, сындырған: Атырауда екі әйел сот мүлкіне зиян келтіргені үшін жазаланды