ТЖД алматылықтар мен туристерге тауға шықпауға кеңес берді

24.03.2025 17:01

Құтқарушылардың айтуынша, жаңбыр, қар немесе қатты жел кезінде тауға шығу қауіпті

Photo by Rohit Tandon on Unsplash

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына тауға барудан бас тартуға кеңес берілді. Бұған 24 наурыз күні күтілетін қатты жаңбыр мен дауылды ескерту себеп, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматыда найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауады, желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға және тауға шықпауға шақырамыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!» – делінген хабарламада.

Құтқарушылардың айтуынша, жаңбыр, қар немесе қатты жел кезінде тауға шығу қауіпті. Ауа райы жақсарғанға дейін жорықты кейінге қалдырған жөн.

«Кеш батқанға дейін үйге оралыңыз, себебі кері жолды табу қиынға соғуы мүмкін», – деп ескертті мамандар.

Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлердің иелеріне нөсер суларының ағуын қамтамасыз ету үшін дренаж жүйелерін тексеруге кеңес беріледі.

Оұи отырыңыз: Алматыда 24-30 наурыз аралығында ауа райы қандай болады