Ұлттық ғарыш орталығында 3 спутник сынақтан өтеді

11.04.2025 20:20

Қазақстан алғаш рет спутнигін экспорттағалы жатыр

Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығында отандық жерсеріктерді құрастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2027 жылы мұнда 3 жаңа қазақстандық спутник алғаш рет сынақтан өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал 2028 жылы олардың қатарына жоғары кеңістік рұқсаттағы жерсеріктер тобы қосылмақ. Олар бұрын қолданылған KazEOSat-2 аппараттарының орнын басады. Сонымен қатар орталықта болашаққа бағытталған Ай орбитасына арналған телескоп жасау қолға алды.

Бұл – жер серіктерін толықтай әзірлеп, сынақтан өткізетін арнайы ғарыштық сынақ аймағы. Мұнда спутниктер түрлі төтенше жағдайға қалай төтеп бере алатыны тексеріледі. Термовакуумдық камерада жер серіктері ғарыштағы экстремалды температураларға төзімділігі анықталады. Олар минус 173 градустан плюс 127 градусқа дейінгі температурада тексеріледі. Ал мына камерада спутниктер электромагниттік толқындарға қарсы сынақтан өтеді. Яғни, ұшу кезінде радиожиіліктер мен түрлі сигналдарға дұрыс жауап бере ала ма соны анықтайды. Бұл сынақтар жер серіктерінің ғарышта ұзақ әрі сенімді жұмыс істеуі үшін өте маңызды.

 «Үш техникалық бөлім бар. Ол біріншісі – ғарыш апараттарын жоспарлауға арналған арнайы конструкторлық бюро. Ол жерде ғарыш апаратын жобалау жұмыстары жүреді. Одан кейінгі өндіріс бөлімдері, ғарыш апараттарының металдық платформасы, кабель жүйесі, экрандық вакуумдық теплоизоляциясы, электроникалық бөлімдер жасалып шығарылады. Құрастыру, сынау кешендерінде ғарыш апарттары құрастылып және сынақтан өтеді», – деді кәсіпорын басшысы Бауыржан Алматов.

Орталық шетелдік компаниялармен де тығыз қарым-қатынаста. Кәсіпорын басшысының айтуынша, отандық инженерлер 2019 жылы Илон Масктың зымыраны арқылы ғарышқа жер серігін ұшырған.

 «Ұлыбританияның «SSTL» инженерлерімен бірігіп алғашқы «STSAT» спутнигін жасап шығарды. Ол жерде біздің мамандар отандық өнімдерін сынақтан өткізді. Сол ғарыш апаратына орналастырды. Ол мынау ғылыми техникалық ғарыш апараты болып табылады. Ол Илонс Масктың ғарыш зымыраны арқылы космосқа жеткізілді, – деді кәсіпорын басшысы Бауыржан Алматов.

Кәсіпорын мамандары шетелде оқып, тәжірибе жинақтап келген. Олар тек инженерлік жұмыспен шектелмей, ғимараттың құрылысына да бастан-аяқ атсалысқан.

 «Негізі арнайы «DS» компаниясынан Францияда оқып, мамандық бойынша елді жұмыс істеп жатырмыз. Сынақ учаскесін салуға күш қостық. Былтыр біліктілігін тексеріп, дайындап қойдық», – деді бас инженер Алмас Келгенбаев.

Қазақстан алғаш рет спутнигін экспорттағалы жатыр. Қазір Конго еліне арналған радарлы жерсерік жасау жұмыстары басталды. Жауаптылардың айтуынша, құжаттар дайындалып, екіжақты кездесу мамырда өтеді деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Моңғолиямен де келісім жасалған.

Мәди Бижан, Данияр Лмар, Дастан Темірбекұлы

Оқи отырыңыз: Болашақ судьяларға Висмар институтының профессоры дәріс өтті