Мереке шеңберінде отандық баспалар мен кітап дүкендерінің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылды
Бүгін елімізде алғаш рет «Ұлттық кітап күні» атап өтіліп жатыр. Рухани мереке аясында Алматыдағы Ұлттық кітапханада ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қала оқиды» атты біржолғы акция мен флешмоб өтіп, оқырман назарына бірнеше көрме ұсынылды. Сондай-ақ кітапсүйер қауым шетел жазушыларымен жүздесіп, республикалық жастар конвентіне қатысуға мүмкіндік алды.
«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Ел Президенті Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу туралы тапсырма берген. Атаулы күндердің тізбесі тағы бір мерекемен толығып, мәдени мереке алғаш рет республикалық деңгейде атап өтіліп жатыр.
«Кітапқұмар халық үшін, жастар үшін құнды іс-шара болып отыр. Өйткені кітап адамның жан-дүниесін тәрбиелеп, кітап оқу арқылы мәдениетімізді, тарихымызды білеміз», – деді философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаев.
Алматылықтар бұл күнді Ұлттық кітапханада атап өтті. Рухани мереке аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылған. Ақын-жазушылардың қаламынан туған туындылардың тұсауы кесіліп, оқырмандар интерактивті іс-шараларға ат салысты. Сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Янмен сұхбаттасу мүмкіндігі туды. «Әлем әдебиеті – ұлт руханиятының өзегі» атты кездесу онлайн ұйымдастырылып, қаламгердің еңбектері мен шығармашылық ерекшеліктері туралы виртуалды көрме таныстырылды.
«Жазушы Мо Яннің үздіксіз қалам тербеген тақырыбы – ауыл тіршілігі. Биылғы жазушының 70 жасқа толу мерейтойына байланысты іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Қытайтанушылар, Қазақ-қытай тіл колледжінің студенттері, Шығыстану факультетінің студенттері және басқа да қонақтар қатысты», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы әлем әдебиеті бөлімінің қызметкері Қамия Қадай.
Мереке аясында сирек кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Онда ең көне, ең ауыр, ең қалың, ең кішкентай, ең жұқа және ең үлкен сияқты ерекше сипаттағы 30-ға жуық басылым қойылған. Сондай-ақ оқырман назарына «Қазақ кітабының сырлы шежіресі» деп аталған көрме ұсынылды. Онда ұлт тарихынан сыр шертетін тағылымы мол туындылар бар.
«Қазақ кітабы 1807 жылдан бастау алады. Кітапхананың сирек қорында 1900-ден астам сирек кітап жинақталған», – деді ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері Мубина Оқап.
Сондай-ақ мәдени мереке шеңберінде отандық баспалар мен кітап дүкендерінің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылды. Мақсат – кітап нарығындағы баспагерлерді, ақын-жазушыларды бір алаңға жинап, қазақстандық баспалармен тығыз байланыс орнату, сондай-ақ отандық авторлардың шығармалары мен жаңа кітаптарын кітапсүйер қауымға таныстыру.
«Кітап – ол руханияттың бір мәйегі болса, кітапхана – руханияттың ұлы ордасы. Кітап күнін, кітаптың тойын тойлауға жер-жерден жиналып жатыр», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Қанат Алтынбек.
Мәдени мереке аясында Ұлттық кітапханада 10-нан астам іс-шара ұйымдастырылған. Ал оған жиылған қалың жұрттың арасында өзге ұлт өкілдері де, жасы да, жасамысы да болды.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Ұлттық кітап күні: Абайдың сирек кітаптары көрмеге қойылды