Ұлттық жоба аясында салынған мектептердің жартысы ауылдарда орналасқан

29.11.2024 15:55

Кезекті мектеп Алматы облысының Көкөзек ауылында оқушыларға есігін айқара ашты

Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Алматы облысының Көкөзек ауылында орналасқан кезекті 36-мектеп есігін айқара ашты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1500 оқушыға арналған мектеп заманауи стандарттар бойынша жабдықталған және қалалық мектептерден кем түспейді. Аталған мектеп 68 оқу кабинетімен, STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, хореографиялық залмен, спорт залдарымен, демалыс және нетворкинг орталықтарамен жабдықталған.

"Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін барлық жағдай қарастырылған, әр оқушы үшін жеке шкафтары бар. Сонымен қатар барлық оқу кабинеттері жаңа технологиялармен – интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталған, бұл оқытудың инновациялық әдістерін енгізуге және білім беру процесінің сапасын арттыруға ықпал етеді", - делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұл - "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Алматы облысының ауылдық жерлерінде салынған бесінші мектеп. Жалпы, биылғы жылдың басынан бері елімізде 36 жайлы мектеп пайдалануға берілді, оның 15-і ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Оқи отырыңыз: Магистратура грантына құжат қабылдау мерзімі қашан басталады