Ұлытау облысы әкімдігі баспанамен қамту бағдарламаны халыққа жарияламаған
Жезқазған жұрты "7 жылдан бері үйіміз апатты жағдайда" деп дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Жезқазған қаласындағы Алашахан көшесінде орналасқан №33 үйдің бүгінгі сұрықсыз сиқы. Аталған баспананы жауаптылар 7 жыл бұрын апатты деп таныған. Пәтер иелері содан бері сең қозғалып, селт еткен билікті көрмеген. Амалы таусылып, сарсаңға түскен қараша құлағалы тұрған баспанада күй кешуге мәжбүр.
"Апатты үйдің қатарына енгеніне 8-9 жыл болды. Ештеңе жасалмады", – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Меруерт Есболова.
Қараша халық қордаланған мәселе бойынша құзырлы органдар мен әкімдікке сан мәрте жүгінген. Жезқазған әкімдігі көпқабатты үйге екі метрлік темір бағананы халықтың қаражатына орнатыпты. «Қабырғадағы бетон плиталардың ара-жігі күн сайын ашылуда» деп ашынды тұрғындар.
"Әкімдік жұмыс істемейді ғой. Екі қабырғаның ортасы 2 сантиметр ашылып кеткен. Не істеу керек? Сан мәрте көмек те сұрадық", – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Ербол Қалиев
"Әкімдікке ақша жинап бердік. Темір бағана қойды, бірақ қабырға жарылып жатыр. Үйде бала-шаға бар. Бесінші қабатта тұрамын, қорқамыз", – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Нұрбек Ашилов.
Ұлытау облысы бойынша сұрқы кетіп, тозығы жеткен 457 үй бар. Ал Жезқазғанда 23 үй апатты деп танылған.
"Жоспар бойынша көшіретін боламыз. Көшпесе, өтемақы төленеді. Алдағы 4 жыл ішінде 334 отбасы, 3200-ден адамды көшіру жоспарланған", – деді Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков.
Ұлытау облысы әкімдігі баспанамен қамту бағдарламаны халыққа жарияламаған. Оның нақты қашан жүзеге асатынын билік өкілі де білмейді. Ал көпшілік әзірге апаттық жағдайдағы үйде үрей құшағында күй кешуге мәжбүр.
Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұлтанқызы
Оқи отырыңыз: Сырдарияда сең қозғалды: өңірде су басу қаупі жоғары 29 елдімекен бар