Ұшақ апаты: Маңғыстауда науқастың біреуіне ота жасалды

25.12.2024 18:45

Ұшақ апатынан зардап шеккендер Маңыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген

Ұшақ апатынан аман қалғандардың жағдайы әртүрлі. Дәрігерлер ауыр хәлде түскендерді құтқарып қалу үшін барын салып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Ұшақ апатынан зардап шеккендер Маңыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Науқастардың жағдайын білу үшін Әзербайжаннан келген делегация өкілдері де төбе көрсетті. Қазір аурухана маңын полицейлер қоршап тұр. Ешкімді ішке кіргізбейді. Ал апаттан аман қалғандардың жағдайы әртүрлі көрінеді. Көпбейінді аурухананың медициналық қызмет сапасын қадағалау бөлімінің басшысы Жанар Байманова зардап шеккендердің қазіргі ахуалын жеткізді.

"11 науқастың жағдайы ауыр, олардың ішінде екеуі өте ауыр жағдайда. Ал қалған 16 науқас нейрохирургия, хирургия және травматология бөлімшелеріне жатқызылды. 27 науқастың қазір біреуіне ғана ота жасалды. Алты науқасқа жағдайы тұрақталғанда ота жасалады деп жоспарлап отырмыз", – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың бөлім басшысы Жанар Байманова.

Ұшақ апатынан аман қалғандардың туыстары жақындарының сауығып кетуін тілеп дәрігерлердің қандай да бір ақпарат беруін аңдып жүр. Бірақ сөзге тарта алмадық. Себебі ешкімнің сұхбат беріп сөйлесуге зауқы жоқ. Ал қазақстандықтар тірі қалған азаматтардың аман-есен сауығып кетуін тілеп, жан-жақты қолдау білдіріп жатыр. Мәселен бүгін Ақтау қаласында жаңа жылдық шыршаның шамы жануы керекі. Облыс әкімі бұл іс-шараны да кейінге шегеруге шешім қабылдады.

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы ұшақ апаты: Қырғызстан азаматтары тірі екені айтылды