Ұзынағашта кәріз суы құйылған тоған арнасынан асып, ауылды басып қалды

06.03.2025 20:17

Салдарынан 30-ға жуық аулаға су кіріп, тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарына зиян келтірген

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылын су басты. Жай ғана қар суы емес, кәріз суы құйылған тоған арнасынан асқан. Салдарынан 30-дан аса үйдің ауласы ластанып, тұрғындарды әбігерге түсірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдімекеннен 500 метр қашықтықта орналасқан лас су жиналған тоған арнасынан асып, ауылға қарай жайылған. Салдарынан 30-ға жуық аулаға су кіріп, тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарына зиян келтірген. Жалпы, мұнда 20-дан аса тоған бар, бүгін таңертең соның ең үлкені ернеуінен асыпты.

«Таңертең мен есік алдына шыққанда ештеңе жоқ тұғын, қайтып үйге кіріп шықсам есігімнің алдын, сасық су алып кеткен, – деді ауыл тұрғыны Айбаршын Асанова.

 «Су 2 көшені басып қалды. Ішетін суды жерден қазып алғанбыз. Ол да ластанды. Не боларын білмейміз? Хлор себеміз деп жатыр, – деді ауыл тұрғыны Қайрат Бейсенбаев.

Құзырлы органдар су тасқынының салдарын жою және жағдайды бақылауда ұстау жұмыстарын дереу бастаған. Апаттың алдын алу мақсатында 28/237 әскери бөлімінен 63 сарбаз, әкімдіктен 40 қызметкер тартылып, жалпы 100-ден астам маман жұмылдырылды. Сонымен қатар 10-ға жуық техника арнайы арық қазу арқылы тоғаннан аққан судың бағытын өзгерту жұмысын жүргізіп жатыр.

 «Жоғарғы жағынан бастап су деңгейін түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әскери бөлім сарбаздары, төтеншеліктер тоғанның жоғары жағында жүр. Халыққа да түсіндіріп жатырмыз. Ұзынағаш елдімекеніндегі кәріз жүйесін қайта салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда, мәселеден толық құтыламыз, – деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы.

2026 жылы кәріз жүйесін ауыл іргесінен көшіру ісі қолға алынбақ. Ал оғанға дейін суды төгу үшін Алматы-Бішкек тас жолының төменгі жағынан 100 гектардан астам жер беріліп, арнайы дайындалады. Бұл мәселені шешу үшін қазынадан 7,6 млрд бөлінген.

Мәди Мәлік, Ялкунжан Әшімжанұлы

Оқи отырыңыз: Шымкентте бесінші сынып оқитын бала асылып қалды