Алматыда көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіш ашылды

16.01.2025 18:17

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі, қала әкімі, әншінің жақындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты

Алматыда көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Мәдениет және ақпарат министрі, қала әкімі, әншінің жақындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ескерткіш Абылай хан даңғылының бойында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ғимаратының алдына орнатылған.

"Ермек Бекмұхамедұлы – сирек кездесетін ерекше талант иесі ғана емес, кәсіби шеберлігі арқылы миллиондаған өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, биік өнердің эталонына айналған біртуар тұлға", - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.           

Министр сондай-ақ, Ермек Серкебаевтың бейнесін жасаған мүсіншілер Айдос Бүркітбаев, Тимур Ермұхаметов, Қуаныш Асылбай және Ақылбек Орманбековке ерекше алғыс білдірді.

Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, елдің мәдени тарихында елеулі орны бар тұлғаның өнер жолына тоқталды.  

"Ескерткіштің ашылғанына отбасы мүшелері, әрине, өте қуаныштымыз. Мұндай ұсынысқа қолдау білдірген қала басшылығына, министрлік өкілдеріне алғыс білдіреміз. Бұл - біз үшін маңызды күн", - деді Е. Серкебаевтың інісі Мұрат Серкебаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамытуда қандай жобалар қолға алынды