Үйге барсам, балам ақша сұрайды: Ақтөбеде құрылыс компаниясы жұмысшыларға жалақы төлемеген

Жұмыс беруші шамамен 15 миллион теңге қарыз

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде мектеп пен элиталы тұрғын үй салған құрылыс компаниясы жұмысшыларға екі айдан бері жалақы төлемеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақтөбелік құрылысшылар еңбекақысын бірнеше айдан бері ала алмай, қарызға батып отыр. Кірпіш қалаушылар соңғы жарты жылда жаңа ықшамауданның зәулім үйлерін тұрғызып, еңбек еткен. Алайда мердігер компания жұмысшыларға тиісті жалақысын төлеуге асығар емес.

"Былтырдан бері жұмыс істейміз, бірақ уақытында ақшасын бермейді. Екі ай болды жалақы алмадық. Шағынауданда екі мектеп салып жатырмыз, медігер еңбек ақымызды бермей отыр", – деді құрылысшы Асхат Дәрібаев.

"Алты балам бар. Қазір үйге барсам, ақша сұрайды. "Нан берші" дейді. Ал бізге нан беретін адам жоқ. Ақша алмадық", – деді құрылысшы Жасұлан Төлегенов.

Құрылысшылар жауапты компанияның кеңсесіне күн сайын барып, табалдырығын тоздырған. Алайда мердігер мардымды жауап бермейді. Компанияның заңгерінің айтуынша, тапсырыс берушінің қаржыны уақытылы жібермеген.

"Құрылыс құжаттары кеш шығуына байланысты атқарылған жұмыс актісін енді өткіздік. Қаражат күтіп отырмыз. Білім ордасы "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында салынып жатыр", – деді құрылыс компаниясының заңгері Ерік Бөкенов

Еңбек инспекциясының мәліметінше, соңғы кезде құрылыс компанияларына жалақыны төлемеу бойынша жиі шағым түсетін болған. Ал кірпіш қалаушылардың бригадалары жұмысты қосалқы мердігер ретінде атқаратындықтан, дауды азаматтық заң тәртібінде ғана шешуге болады. Мердігер компания өкілдері жұмысшыларға тиісті еңбекақыларын апта соңына дейін береміз деп уәде етті. Жұмыс беруші шамамен 15 миллион теңге қарыз.

Әйкерім Пернебек, Лейла Ауесова, Жомарт Құдайбергенов, Ақтөбе

Оқи отырыңыз: Баспана кезегі жылжымайды: Қосшының халқы биыл да пәтерсіз қалуы мүмкін бе

Новости партнеров