Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға барлық мүмкіндік жасалып жатқанын атап өтті
"Жаңа адамдар" жастар форумында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қарата айтқан сөзінде отаншылдық сезімге, қоғамда "Заң мен тәртіп" үстемдігін орнатудың маңызына, "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының идеологиялық мәніне тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының пікірінше, ел үшін адал қызмет ету жауапкершілік алудан қорықпайтын, батыл азаматтардың қолынан келетін жұмыс.
– Жастарға барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Қазақстан балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдің бірі. Дүниеге келген әр сәби бірден ұлттық бағдарламалардың қатысушысына айналады. Өздеріңізге мәлім, екінші жыл қатарынан Ұлттық қор табысының бір бөлігі балалардың есепшотына түсіп жатыр. Кәмелет жасына толғанда олар жинақталған қаржыны оқуға немесе баспана алуға жұмсай алады.
Бес жастан асқан балаларға арналған "Келешек" бағдарламасы іске қосылды. Бұл жүйе ата-аналар үшін өте қолайлы. Сол арқылы балаларының болашақта алаңсыз білім алуына қаражат жинайды. Әр бала алты-жеті жастан бастап мектепте тегін білім алады. Мұның бәрі – мемлекеттің міндеті. Бірақ әлемнің барлық елінде дәл осылай емес. Барды бағалау маңызды.
Біздің жетістіктеріміз баршылық. Елімізде бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ берілетін болды. Оқушыларымыз мемлекет есебінен әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатыса алады. Мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына немесе колледжге грантқа түсу мүмкіндігі зор. Соңғы жылдары грант санын айтарлықтай ұлғайттық.
"Болашақ" бағдарламасымен мыңдаған жас шетелде білім алуда. Олар Қазақстанға келген соң ел дамуына үлес қосады. "Президенттік жастар кадр резерві" сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады.
Саяси реформалар аясында Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілді. Бұл өкілдік билік қызметіне тың серпін берді. Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе Парламенттің құрамына кіретініне, тіпті Үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін.
Жас кәсіпкерлер мен отбасыларды қолдауға айрықша мән беріледі. Мысалы, бизнесті дамытуға және баспана алуға жеңілдікпен несие беру қарастырылған. Бұл балалар мен жастардың өмірден өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың бір парасы ғана, – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз: Президент жастар форумында сөз сөйледі