Қазақстанда жанар-жағармай қымбаттауы мүмкін

Энергетика министрлігі бензин бағасын реттеуден бас тартпақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жанар-жағармай қымбаттайды. Энергетика министрлігі бензин бағасын реттейтін бұйрықтың күшін жоймақ. Ведомство бұған дейін Ашық үкімет порталына арнайы құжат жариялап, көпшіліктің талқысына ұсынған еді. Халық тарапынан қолдау тауып, бұйрық күшін жоятын болса, біздің елде бензин мен дизель бағасы шарықтап кетпей ме? АlmatyTV тілшісі сарапшылармен сөйлесіп, халықпен тілдесіп қайтқан болатын.

Энергетика министрлігі бензин бағасын реттеуден бас тартпақ. Оның үш себебі бар дейді. Біріншісі, көрші елдерге «сұр экспорт» көбейген. Мәселен, былтыр жыл басында жанар-жағармай қоры 1 миллион тоннадан көп болса, жыл соңында 35-40 пайызға азайып, 626 мың тонна қалған. Ведомство екінші себепті халық санының артып, тұтыну көлемінің көбейгенімен байланыстырады. Сондықтан зауыттардың қуаттылығын 10 миллион тоннаға көбейтіп, 28 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

"Үшінші, әрқашанда әр жобаның жақсы салдары бюджетке салықтар мен акциздер түседі. Сол салықтар мен қосымша салықтардың арқасында инфрақұрылым жобалары басталады. Мысалы, емханалар, мектептер мен жолдар соғылады. Соларды соғу үшін қосымша жұмыс орындарды ашады. Бұл объектілерді іске қосу үшін, ары қарай алып кету үшін қосымша тағы да жаңа жұмыс орындары ашылады", - деді ҚР Энергетика министрлігі департаменті директорының орынбасары Талғат Макуов.

Сала мамандары қанша күрделі болса да мұндай шараларды қабылдау қажет дейді. Өйткені Үкімет Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз шығаратындарға тосқауыл бола алмай отыр. Егер бұйрық күшін жойса, бағаны нарық реттейді. Сарапшылар алайда бұл бензин мен дизель бағасы бірден шарықтап кетеді дегенді білдермейді, жанар-жағармай құны кезең-кезеңімен өседі дейді. Оны Үкімет бастаған арнайы органдар бақылауда ұстамақ.

"Геосаяси жағдайға байланысты біз осы өзгерістерді енгізуге тиістіміз. Әрине, басқа жол жоқ.  Әрине, мен,де түсінемін, өзім де көлік жүргіземін, бензиннің бағасы өссе қосымша әр азаматқа қосымша шығын болмақ. Бір ғана шешімі бар, ол – халықтың табысын көтеру керек. Жалақысын көтеру керек, қарастыру керек. Екіншіден, атаулы әлеуметтік қолдау көрсету керек", - деді сарапшы Асылбек Жәкиев.

Тапқаны күн көрісінен артылмайтын көпшілік министрліктің бұл жоспарына қуана қойған жоқ. Ел азаматтары сұйық отынның бағасы көтерілсе, қымбатшылық одан әрі қыса түседі дейді.

"Бәрі сәйкес болса, коэффициенттер бір-біріне сай келсе, жақсы болады. Халықтың қамын ойласа болды", - деді қала тұрғыны Азамат Секербаев.

"Бензин қымбаттаса, бәрі қымбаттайды. Әрине, ол дұрыс емес. Өйткені бізді шетелмен салыстырады. "Шетелде бензин бағасы қымбат екен" деп шығады. Онда жалақы да шетелдікі сияқты болуы керек", - дейді қала тұрғыны Нұрлан Қалиев.

"Бензин қымбаттаса, бағаны өсіреді ғой. Таксистер қалай күн көреді? Олар ауамен демалмайды ғой", - дейді тағы бір тұрғын Думан Жаймағанбетов.

Ал Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев мемлекет бензин бағасын реттеуден бас тартса, халыққа балама жоспар ұсыну керек дейді. Депутат көктем шыға егіс науқаны басталғанда шаруаларға да, одан бөлек логистиканың барлық түріне де салмақ болады дейді.

"Бүкіл шаруаның өнімін таситын транспорттық саладан көтерме саудаға дейін жеткізу үшін жанар-жағармай талап етеді емес пе? Одан кейін өндеу саласы, мысалы. Онда да энергоресурстардың барлығын қолданады. Бұл ретте шешім тек біреу ғана болуы мүмкін. Ол – сол шығындардың бір бөлігін өтеу арқылы шаруаларды тікелей мемлекет тарапынан қолдау және әлеуметтік осал топтарға берілетін көмекті күшейту", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев.

Айта кетейік, аталған құжат қоғам талқысына 22 қаңтарға дейін ұсынылған еді. Жанар-жағармай бағасына алаңдаған жұртшылық әзірге 30-ға тарата пікір қалдырыпты.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстанда әуе тасымалы қаншалықты қауіпсіз

Новости партнеров