WhatsApp арқылы өзгені балағаттаған әйел 500 мың теңге төлейтін болды

27.02.2025 21:48

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Dimitri Karastelev / Unsplash

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қорлау фактісі бойынша жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сот хабарламасынан белгілі болғандай, 2024 жылғы 8 қыркүйек пен 20 қазан аралығында сотталушы К. «WhatsApp» мобильді қосымшасы арқылы М.-ға мәтіндік және аудио хабарламалар жіберген.

«Онда бейәдеп сөздер айтып, соңғысын әдепсіз түрде қорлап, осылайша оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген», - делінген хабарламада.

Жеке айыптаушы М. айыптауды қолдап, санкция аясында жаза тағайындауды сұрады.

Сот сотталушының шын жүректен өкінуін және оның жас баласының болуын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

«Сот К.-ны Қылмыстық кодекстің 131-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 20 АЕК мөлшерінде (73 840 теңге сомасында) айыппұл түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ сотталған К.-дан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу есебіне 100 000 теңге, өкілдік шығыстарына 250 000 теңге, сараптама жүргізуге 130 000 теңге мөлшерінде шығыстар өндірілді», - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Алматы зообағындағы ақ аюлардың ұрпағы әлемнің әр түкпіріне тарап кеткен