Yandex Qazaqstan: компания жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолданып келеді

03.02.2025 19:45

Мекеме 29,5 млрд теңге көлемінде салық төледі

Еліміздің әрбір екінші тұрғыны Yandex Qazaqstan сервисін пайдаланады. Ал кейінгі жылда аталған қосымшаның қазақ тілінде қызмет көрсетуіне басымдық беріліп жатыр. Бұл туралы Yandex Qazaqstan басшысы өткен апта болған Digital Almaty форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Yandex Qazaqstan – еліміздің цифрлық дамуындағы көшбасшылардың бірі. Компания қызметтерін жетілдіріп қана қоймай, ақпараттық қолжетімділікті арттыратын инновациялық жүйеге айналды. Мәселен бұған дейін қазақ тіліндегі сапалы материалдарға, оның ішінде әсіресе ғылыми мақалаларға немесе көркем фильмдерді көруде белгілі шектеулер болған. Ал бүгінде нейрожелілік аударманың нәтижесінде мұндай кедергілер артта қалды. Сондай-ақ шығармашылық ортаны, яғни әнші, композиторларды қолдайтын жаңа "Менің толқыным” қосымшасы пайда болған. Онда жасанды интеллект алгоритімдері арқылы тұтынушының талғамына сай ән таңдалып, әншілерге танылуға мүмкіндік ашылды.

 "Біз өз жұмысымызда қызметтердің қазақ тілінде көрсетілуіне басымдық береміз. Уикипедиядағы 15 миллионан аса мақала Яндекс аудармашысы арқылы қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ "кино іздеуде" қазақ тілді контент айтарлықтай көбейді. Тұтынушылар арасында топ-10 фильм және сериалдың арасында отандық өнім көш бастап тұрады. Яндекс браузерінде озық нейрожүйелердің көмегімен кез келген видеоны қазақ және ағылшын тілдеріне аударуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ барыстарды сақтап қалуға бағытталған технологияларды атап өту керек. Нейрожүйелік камералар арқылы жануардың бұл түрін сақтап қалу үшін алгоритм бар. Барыстың түрлерін дәл анықтайды, – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов.

Yandex Qazaqstan тек технологиялық өрісін ғана емес, ел аумағындағы қызмет көрсетуін де кеңейтіп келеді. Енді такси қызметі үлкен қалалардан бөлек, 50 мыңдық халқы бар өңірлерде де іске қосылмақ. Ал былтыр Алматыдағы Яндекс Go қызметінде Electro тарифі пайда болып, тұтынушылар су жаңа электромобильдерді таңдай алатын болды. Жалпы жеткізу қызметі жыл сайын түрленуде. Мәселен енді мегаполис тұрғындары үшін "Лавка" іске қосылып, азық-түлік, тұрмыстық тауарларын 15 минут ішінде алу мүмкіндігі пайда болды.

"2024 жылы Алматы көшелерінде жеткізуші роботтар – роверлер пайда болды. Бірегей технологияларымызды қолданамыз, сондықтан олар қалада еркін қозғала алады, кедергілерді, адамдарды көріп, өз бағытын жоспарлай алады", – деді  Яндекс Go жетекшісі Тайыр Байдүйсен.

Дамыған цифрлық дәуірде Yandex Qazaqstan сынды компаниялар орнын бекемдеп, халық сұранысына байланысты қызметтерін дамытуды жалғастырып келеді. Корпорация басшылығы атап өткендей, басты басымдық – халықтың сапалы ақпаратқа оңай қолжеткізуі. Компанияның  ел экономикасына қосқан үлесі де айтарлықтай артып келеді. Биыл мекеме 29,5 млрд теңге көлемінде салық төледі.

Әйкерім Пернебек, Рашшидин Якупов, Медет Саматов