Ыдыс жууға ерінген: балаларды бір қасықпен тамақтандырған тәрбиеші жұмыстан босатылды

07.02.2025 15:48

Жеке бөбежайға қатынап жүрген кішкентай қыздың қолы зақымдалғанын дәрігерлер де растады

Маңыстаудың Мұнайлы ауданындағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіндер тамақты таласып ішеді. 8 баланың екі ыдыстан бір қасықпен тамақтанып отырғанын ата-аналары бейнежазбадан көріп, жаға ұстаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызының есімін атамауды өтінген ана бүлдіршіннің қолы шығып кеткенін кешкісін әкесі балабақшадан алып кетуге барғанда бір-ақ білген. Жеке бөбежайға қатынап жүрген кішкентай қыздың қолы зақымдалғанын дәрігерлер де растады. Анасы сол күні ауруханадан шыға сала, мектепке дейінгі білім беру орталығына барып, камера жазбасын қараған. Нәтижесінде тәрбиешінің баланы қолынан жұлқып көтеріп қалғанын көреді.

Ал бұл – кадр балалардың кешкі ас ішіп отырған уақыты. Бір дастархан басында 8 бүлдіршін отыр. Алдарында екі сорпа ыдысы қойылған. Ал тәрбиешісі жалаң қолмен нанды турап, сол ыдысқа салып береді. Бергенде де, жеке-жеке емес, бір қасықпен 8 баланы бірден тамақтандырады. 

Тіркелген келеңсіз жағдайға байланысты бөбекжай директоры сұхбат берді. Балабақшаның қос қызметкеріне тәртіптік жаза қолданылып, жұмыстан босатылған. Ал балалардың ас мәзіріне қатысты мәселені былай деп түсіндіріп берді. 

"Ол артық ыдыс-аяқты жуғысы келмей, жұмысын жеңілдету үшін солай жасаған. Сол күні мен жұмыста болмадым, жылдың басы болған соң балабақшаға өзгерістер енгізейін деп орталықтың шаруасымен сыртқа шығып кеттім. Негізі бала санына қарай керекті құралдар жеткілікті, тамақ та аз емес", – деді жеке балабақшаның директоры Раушан Аяпбергенова.

Ал аудандағы білім бөлімінің басшысы ата-ана құқығын түсіндіріп, балабақшаға қатысты қандай шара қолданылғанын жеткізді.

Болған жағдайға байланысты қызметкерге арнайы айыппұл салынды. Қазіргі таңда аталған кемшіліктерге байланысты құзырлы органдарға шара алу жөнінде хат жолданған. Қазіргі таңда ол бала басқа балабақшада тәрбиеленіп жатыр, – деді Мұнайлы ауданы Білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы.

Айта кетейік, бөбекжайларда құзырлы орган жаппай тексеру жүргізіп жатыр. Мәселен Маңғыстау ауданында бірнеше балабақша тексеріліп, барлығы 111 әкімшілік іс қозғалған, жалпылама алғанда 19 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, 6,5 млн теңге мемлекет қаржысын жымқырған бір орталықтың директоры 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Ақтау қаласындағы балабақшаның есепшісі 9 млн теңгені қалтасына басқаны үшін 3 жыл 6 ай жаза арқалады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дейзи: виртуалды әжей алаятарды алдап кетті