Заман талабына сай жабдықталған қант зауыттарын салу қажет - сенатор

Қайрат Төребаевтың сөзінше, жақын арада Қазақстанда қант тапшылығы болмайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде тағы қант тапшылығы туындауы мүмкін. Осылай деп Сенатор Зәкіржан Күзиев дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, республикадағы тәтті өнім өндіретін 4 кәсіпорын бәсекеге қабілетті емес, әбден тозығы жетіп, шикізаттың қажетті көлемін өңдей алмайды. Сенатор «заман талабына сай жабдықталған қант зауыттарын салу қажет» дейді. Сондай-ақ ол қант өнеркәсібін дамытудың 2026 жылға дейін әзірленген жоспары үмітті ақтамағанын жеткізді. Өйткені Қазақстан әлі күнге дейін қанттың 80 пайызын Ресейден импорттайды. Ал Сауда және интеграция вице-министрі наурыз айының басында көрші елде қант өндірісі 8 пайызға төмендегенін және біздегі тәтті өнімнің бағасына әсер етпейтінін айтты. Қайрат Төребаевтың сөзінше, жақын арада Қазақстанда қант тапшылығы болмайды.

 «Ауыл шаруашылығы министрлігі қант қызылшасын өсіретін шаруаларға қолдау көрсетті. Біз қызылша өңдейтін, сондай-ақ импорттық шикізатты пайдаланатын қант зауыттарына көмек беріп жатырмыз. Сондықтан қант тапшылығы болмауы керек, – деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Ал Сауда комитетінің өкілі Гүлмира Ахметтаева дүкен сөрелерінде тұрған картоптың бағасы мен сапасына тоқталды. Оның айтуынша, сауда желілерінде елімізде өсірілген және шетелден әкелінген картоптың бірнеше түрі бар. Сәйкесінше, бағалары да әртүрлі екен.

 «Картоптың сапасына келер болсақ, күзде жиналған өнімнің кейбірі көктем шыға шіри бастауы мүмкін. Айта кетерлігі, біз сауда орындарына барып мониторинг жүргізіп, талдау жасап отырамыз. Импортталатын картоптың сапасы жақсы. Ал бағаға келсек, республика бойынша 4 наурызда 225 теңгеден саудаланды. Бұдан қымбатырақ сатылатын картоптардың да барын ескеру керек. Кей сауда желілерінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы сатылымға шығарылғандары да бар, – деді  ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Ахметтаева.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның екі облысында тасжол жабылды

Новости партнеров