Жамбылда өңір билігі қант қызылшасының аумағын екі есе қысқартып әр ауданға лимит қойған
Жамбылда көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақындаса да, кейбір диқандар дән себе алмай отыр. Қиындыққа тап болғандар – қант қызылшасымен айналысатын фермерлер, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Байзақ ауданы облыста қант қызылшасын егуден үздік үштікке кіреді. Қызылшаны кәсіп еткендер қазір жерін жыртып дайын отыр. Солардың арасында Қонысбек Сүлейменов те бар. Бірақ ол биыл қызылшаның аумағын азайтып, 80 гектарының басым бөлігіне арпа, бидай, жоңышқа мен пияз екпек. Себебі қызылша өңдейтін зауыт қанша тонна өнім қабылдайтынын айтпай, келісімшартты бермеген.
«Жер дайын тұр, аммофос себіліп қойған. Қант қызылшасының уақыты кетіп бара жатыр. Қазір кешіксек, жаңбырға ұрынып қалуымыз мүмкін. Ол неғұрлым кеш еккен сайын, соғұрлым кеш қазылады», – деді шаруа қожалығының басшысы Қонысбек Сүлейменов.
Ал өңір билігі қант қызылшасының аумағын екі есе қысқартып әр ауданға лимит қойған. Шаруалардың айтуынша, шешім жығылғанға жұдырық болып отыр.
«Өте ауыр салмақ түсіп жатыр. 150 млн теңгеге комбайн алдық, 200 млн теңге қарызымыз бар. Жер көлемін азайтып жатырмыз, күзге төлегенге ауыр тиейін деп жатыр. Тараздың зауыты ашылса, жақсы болар еді», – деді диқан Таласбек Шертаев.
Былтыр аймақта 11 мың гектарға тәтті түбір егіліп, шаруалар 640 мың тонна рекордтық өнім жинаған. Бірақ диқандардың қуанышы көпке созылмады. Меркідегі жалғыз зауыт тек 400 мың тоннасын қабылдап, көпшілік қалған қызылшаны Жетісу өңірі мен Қырғызстанға жіберуге мәжбүр болған. Жауаптылар жағдай қайталанбауы үшін, егіс аумағын екі есе қысқартқан.
«Аудандық әкімдік әр шаруа қожалықпен тікелей жұмыс жасағаннан кейін олардың қанша несиесі бар, қанша техника саны бар, соларға қарап лимитті бөліп береді. Ал Меркі қант зауытымен келісімшартқа тұру мәселесі осы аптада шешілу керек. Өйткені акционерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Лесбек.
Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар диқандар көктемгі дала жұмысынан кеш қалмайтынына сендірді. Ол үшін 20 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бермек. Ал тұқымға 700 млн теңге субсидия бөліп отыр.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Алимент жыры: Борышкердің пәтері 34 млн теңгеге бағаланып, баласына аударылды