Жамбыл облысында ауыл тұрғындары сағаттап су тосуға мәжбүр

Ауыл басшысының айтуынша, елдімекен мәселесін көтергені үшін ауданнан қысым көрген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары құдық басында сағаттап су тосуға мәжбүр. Себебі Сарысу ауданындағы Жайылма мен Маятас ауылында тіршілік нәрі бірнеше сағатқа ғана қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жайылма ауылының азаматтары күнде осылай құдық басына жиналады. Себебі бірнеше сағатқа ғана берілетін судан ешкім қалыс қалмауы керек. Үлгермеген жағдайда тұрғындар тәулік бойы тіршілік нәрінсіз қалады. Жалпы елдімекенде орталықтандырылған су желісі кеңестік кезеңде салынған. Тозған құбырға 2008 жылы толықтай жөндеу жүргізілген. Бірақ ол құбырлардың өзі қазір 50-60 пайызға ескіріпті. Ал мұнара Жайылма мен Маятас ауылдарына ортақ болғандықтан, су сағаттап қана беріледі. Оның өзі сапасыз.

 «Түрі кейде сарғайып кетеді. Өйткені құбыр ескі. Судың ішінен құрт шығады. Судың асты, құйылған шелектің түбі тат болады», – деді Жайылма ауылының тұрғыны Оразкүл Қосауова.

«Суды ала алмаймыз. Қыстың күні кішкене ағады, алдың жазда құдықтың ішіне түсіп аламыз. Үлгерсек үлгердік, үлгермесексусыз қаламыз. Ащы судан ішеміз», – деді Жайылма ауылының тұрғыны Мираш Молтаева.

Әкімнің сөзінше тозған желіні жөндеу үшін 2017 жылдан бастап бүгінге дейін 4 мәрте жоба жасалған. Бірақ ауданнан қаржылай қолдау болмаған соң, құжаттардың уақыты өтіп, жарамсыз болып қала береді. Ауыл басшысының айтуынша, елдімекен мәселесін көтергені үшін жазықты болған.

 «Бес ай болды. 14 желтоқсанда хат жазғам. хатыма да жауап бермеді, жеке қабылдамады. Наурызда сөгіс алдым. Осындай мәселені көтергенім үшін қызметтік тексеру тағайындады. Алдағы тәртіптік кеңесте мәселемді қарайын деп жатыр. Оның алдында да әкімдерге сондай шара қолданған. Бұл – қысымның үлкен түрі», – деді Жайылма ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұлов.  

Ауыл әкімі «аудан басшысы артыма түсіп алды» деп өңір билігіне шағымданған. Ал аудандағы атқамінер қол астындағы қызметкерінің мұндай әрекеті «мемлекеттік қызметтің ішкі этикасына сай келмейді» деп қайта тексеріс ашпақ. Айта кетейік, ауыз су мәселесін шешу үшін биыл 1,7 миллиард теңгенің жобасы жасалып, облысқа өтінім берілген. Қаржы бөлінбесе, аудандық бюджет арқылы әзірге ұңғыма қазып бермек.

«Ауыл бір ұңғымадан су ішіп отыр. Жергілікті бюджеттен қаржы қарап, екінші ұңғыма қазылады. Екі ауыл да тәулігіне 10-12 сағат су алуға мүмкіншілік болады», – деді Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов

Аудан басшысы аталған ауылға су сағаттап қана берілсе де, тізімде ауыз суы бар елдімекендердің қатарында болғанын айтты. Сондықтан осы уақытқа дейін мүлде тіршілік нәрі жоқ аумақтарға көңіл бөлінген.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз:Алаяқтар енді Димаш Құдайбергеннің есімін пайдаланып, жұртты алдауға көшкен

Новости партнеров