Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және батырдың туғанына 115 жыл толуына орай өткізіліп отыр
ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың қатысумен Жамбыл облысының Жуалы ауылында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған жерінде — аудан прокуратурасы ғимаратының алдында ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және батырдың туғанына 115 жыл толуына орай өткізіліп отыр.
Бұл туралы Бас прокурор Х желісіндегі жазбасында жариялады.
«Сонымен қатар прокуратура ғимаратында Бауыржан Момышұлының өмір жолын және майдандағы ерліктерін қамтитын естелік бұрышы ашылды. Бұл – жай ғана тағзым емес, бұл – ерлік, ар-намыс пен патриотизмнің символы. Батырдың «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзі — Отанға қызмет етіп жүрген әрбір жан үшін мәңгілік бағдаршам», - деп жазды Берік Асылов.
Оқи отырыңыз: "Біржан Сара ізімен": айтысқа қатысушылар көрерменді несімен тәнті етті
Ол өткен ғасырдың 30-жылдары Бауыржан Момышұлы Жуалы ауданының прокуроры болып қызмет атқарғанынн атап өтті.
«Біз үшін, прокуратура қызметкерлері үшін, осындай тұлғаның мұрасын сақтау – зор құрмет әрі үлкен жауапкершілік. Айтпақшы, 1941 жылы прокуратура органдарында 885 қызметкер жұмыс істеген болса, олардың 411-і өз еркімен майданға аттанған еді. Сол күні Жамбыл облысы прокуратурасының Тараз қаласындағы ғимаратының алдында Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымызға арналған тағы бір ескерткіш тақта ашылды», - деді Б. Асылов.
Тақтада Бауыржан Момышұлы мен соғыстың ең қиын жылдарында құқықтық тәртіпті қалыптастыруға үлес қосқан басқа да прокурорлардың есімдері жазылған. Олардың қайсарлығы мен қызметке адалдығы – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі.
«Біз батырлардың рухына тағзым етумен ғана шектелмей, олардың қорғап қалған құқықтық негізді нығайта беруіміз керек. Олардың өмір жолы – мемлекетке қызмет етудің, халық алдындағы жауапкершіліктің және антына адалдықтың үлгісі», - деді Бас прокурор.
Берік Асылов жазушы, қоғам қайраткері әрі Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметоваға ерекше алғысын жеткізді.
«Батыр мұрасын сақтау жолындағы еңбегі, оның кітаптары мен тағылымды сөздері жас ұрпақты тәрбиелеуде және тарихи жадымызды сақтауда маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы айтқандай, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы — достастық елдерінің барлығын біріктіретін, бостандық пен әділеттілік идеяларының салтанатын бейнелейтін маңызды оқиға. Біз әрқашан әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыстағы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің тарихта теңдесі жоқ ерлігін есте ұстауымыз керек», - деді ол.
Оқи отырыңыз: Жеңіс күні: Қазақстанда «Ерлікке тағзым» республикалық акциясы өтіп жатыр