Жамбыл облысында шаруаларға 4 жыл бұрын берілген субсидия қайтарыла ма

29.01.2025 19:49

2020 жылы 377 миллион теңге мал басын асылдандырып отырған қожалықтарға берілген

Жамбыл облысында жергілікті билік 2020 жылы шаруаларға берілген субсидия қаржысын қайтаруды талап етіп жатыр. 377 миллион теңге мал басын асылдандырып отырған қожалықтарға берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жиналған бұл кісілер – мал басын асылдандырумен айналысатын шаруа қожалықтың басшылары. Бірі меринос қойын өсірсе, енді бірі тауарлы етпен айналысады. 189 шаруаға 4 жыл бұрын төленген субсидияны қайтару туралы хабарлама келген. Ал заңды түрде көмек алдық деген қожалық иелері, қаржыны қайтарудан бас тартып отыр. 

"Жылда істеп жүрген шаруашылықтар. АШЖБ бағдарламасында  малдары тіркелген. Бәрін тексеретін болса, ветеренариадан барып тексерсін. Барлық тізімі тұр. Малы орнында тұр. Жұмысшылардың жалақысын төлеп жатыр. Ешкім ойнап жүрген жоқ. Дизельдің, бензиннің қымбаттап жатқанын ескеріп жатқан ешкім жоқ. Санайтын болсақ, ақшаның құны жоқ", – деді шаруа қожалығының басшысы Есбол Әкетаев.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мұндай шешіміне аймақтағы ревизиялық комиссияның нұсқамасы себеп болған. Комиссия соңғы 4 жылда төленген қаржыны зерделеп, субсидия беру тәртібінің бұзылғанын анықтаған. Яғни субсидия алу үшін өтінімдер 1-қаңтар мен 20-желтоқсан арасында қабылданады. Бірақ 2020 жылы пандемия болғандықтан, база дұрыс жұмыс істемей, қожалықтар уақытылы өтінім беріп үлгермеген. Сондықтан салалық министрлік өтінім қабылдауды 25-31 желтоқсанда қайта ашқан.

"Өтініш бере алмаған шаруалар үлгеруі үшін 25-31 желтоқсан арасында қабылдауға рұқсат берген Ауыл шаруашылығы министрінің хаты бар. Пандемия болған кезде, базалар дұрыс істемеді. Үкімет шаруаларға көмектесу үшін уақытты ұзартты. Қабылдаған өтінім заңды деп санаймыз", – деді облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Еркебаев

Шаруалардың шағымын кәсіпкерлік палата өкілдері  мен прокуратура мамандары тыңдады. Мәселеге байланысты жиынға келген ревизиялық комиссия мүшелері телеарнаға сұқбат беруден бас тартып, ат тонын ала қашты. Ал өтінімдер мен құжаттарды зерделеген прокуратура өкілдері шешімнің негізсіз екенін айтып, қожалық иелері алған қаржыны қайтармайтынын мәлімдеді.

"Шаруалардың кінәсі жоқ. Сондықтан ақшаны қайтарып алуды тиімсіз және заңсыз деп таныдық", – деді облыс прокурорының аға көмекшісі Абай Алтаев.

Прокурорлардың айтуынша, құжаттамаға мән бермеген комиссия өкілдері аладағы уақытта тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін.

Айта кетейік, аймақта былтыр ауыл шаруашылығы саласына 29 миллиард теңгеден аса субсидия бөлінген. Биыл да осындай қаржы шаруаларға берілмек.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында сүт-тауар фермасының құрылысы басталды