Барлығы 192 707 жылқы, 440 069 ірі қара мал, 3 061 941 уақ мал және 8 015 түйе тіркелген
Жамбыл облысында жыл басынан бері мал ұрлығын жасағаны үшін 18 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде кәсіби түрде айналысып жүрген 13 адамнан тұратын 6 қылмыстық топ құрықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Жалпы бұрнағы жылдармен салыстырғанда облыс аумағында мал ұрлығының саны кеміген. Мәселен соңғы үш жылдық статистика бойынша мал ұрлау фактілері 2022 жылмен салыстырғанда 2024 жылы 23,2 пайызға, қылмыстың ашылу деңгейі 52,6 пайыздан 55,3 пайызға жақсарған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Еркебұлан Сәрсенбаевтың келтірген деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылғы 3 айдың қорытындысы бойынша мал ұрлығының тіркелуі өткен жылғы кезеңмен теңесіпті. Тіркелген фактілердің 77 пайызында мал жайылымынан ұрланған.
"2025 жылы мал ұрлығына қарсы күрес жұмыстары күшейіп, бірнеше заңға қайшы әрекеттер мен қылмыстық іс тіркелді. Профилактикалық іс-шаралар көлемін ұлғайту нәтижесінде ұрланған 146 бас малдың 61-і иелеріне қайтарылып, келтірілген 58 миллион 830 мың теңге шығынның 17 миллион 930 теңгесі өтелді. Сонымен қатар мал сою орындарын тексеру барысында Тараз қаласында 1 заңсыз мал сою орны анықталды. Сондай-ақ облыс аумағындағы ет өткізетін 10 үлкен сауда орнында ет құжаттары тексеріліп, 7 мал базарында мал ұрлығына қатысты зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Кешенді жүргізілген жұмыстар нәтижесінде мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 246 фактісі, мал жаю ережелерін бұзудың 573 фактісі тіркелді", - дейді Еркебұлан Бекбосынұлы.
Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша барлығы 192 707 жылқы, 440 069 ірі қара мал, 3 061 941 уақ мал және 8 015 түйе тіркелген.
Оқи отырыңыз: «Атырау» футбол клубы мемлекет меншігіне қайтарылды