Қоштасу жиынында марқұмның ата-анасына медаль табысталды
Жамбылдықтар Қордай ауданында республикалық маңызы бар тасжолда қызметтік міндетін атқару кезінде жол апаты салдарынан қаза болған полиция аға лейтенанты Абай Үшкемпірді соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаназаға марқұмның отбасы, ағайын-туыстарымен қатар Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев, Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, бірге қызметте болған әріптестері мен достары қатысты.
Абай Үшкемпір қайтыс болғаннан кейін ҚР ІІМ-нің "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды. Қоштасу жиынында медаль марқұмның ата-анасына табысталды.
Сондай-ақ ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденовтың, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қазаға байланысты көңіл хаттары оқылып, қайғыға ортақ екендігі және марқұмның отбасына мемлекет тарапынан әрдайым қолдау жасалатыны жеткізілді.
- Әріптесіміздің қызмет барысында кенеттен қаза болуына қабырғамызды қайыстырды. Жас болса да, өңірдегі қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті қадағалауда өлшеусіз өз үлесін қоса білген азаматтың әлі де халыққа берер пайдасы мол еді. Артында қалған отбасы, кішкентай қызына әрқашан қолдау жасап, қамқор боламыз. Батырдың жарқын бейнесі мен абыройлы есімі әрдайым жадымызда сақталады, — деп Б.Малыбаев қаза болған әріптестерінің жақындарын сабырға шақырып, көңіл білдірді.
Полиция қызметкерінің жаназасы өз туған жері — Айша бибі ауылында өткізілді.
Еске салайық, 11 ақпанда Алматы-Ташкент тасжолының 203-шақырымында болған жол апатынан полиция қызметкері қаза тапқан болатын. Volkswagen Passat маркалы көлік жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып, бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік көлікпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Үшкемпір Абай Бақытбекұлы 12 ақпанда аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Оқи отырыңыз: Онлайн сатып алу кезіндегі ықтимал қауіптер қандай - ІІМ ескертеді