Жантүршігерлік автобус апаты: Астанада көлік жүргізуші мен 3 жолаушыға ота жасалды

Тиісті көмек көрсетілгеннен кейін 8 адам үйіне жіберілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы жантүршігерлік автобус апатынан аман қалғандардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісі мен 3 жолаушыға ота жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Автобус бағанаға соғылған. Ішінде 20-дан астам жолаушысы бар қоғамдық көлік Бараев көшесінің бойымен келе жатып діттеген жеріне жете алмаған.  Құтқарушылар алдыңғы бөлігінің сау тамтығы қалмаған автобусты бағанадан ажырату үшін жан таласып жатыр. Өйткені қатты соққыдан жүргізушінің аяғы қысылып қалған. Ал жолаушыларға жедел-жәрдем дәрігерлері көмек көрсетуде. Келесі кадрда апат болған сәттегі автобус ішін байқауға болады. Кешкі 21:00 шамасында аялдамадан адамдарды мінгізген қоғамдық көлік санаулы секундтан кейін-ақ бағанаға соғылады. Жолаушылар жапа-тармағай құлаған. Салондағы бейнебақылау камерасы көлік жылдамдығын сағатына 52 шақырым деп көрсетіп тұр. Дәл осы сәтте апатқа түскен қоғамдық көлікке алғышқылардың бірі болып сол маңайда жүрген сарбаздар жеткен.

"Автобустан адамдарды шығаруға көмектестік Екі адам ауыр жарақат алған. Олар жерде жатты, ештеңе білмейді. Жүргізуші есін жинай алмай жатты", – деді сарбаз Әсетбек Хамырақұлов.

Жарақат алған жүргізуші мен жолаушылар қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Тиісті көмек көрсетілгеннен кейін 8 адам үйіне жіберілген. Ал ота жасалған 4 науқас палатаға шығарылды. Оның біреуі – автобус жүргізушісі.

"Ауруханаға 15 науқас жол апатынан түсті. Бірінші көмек көрсетіп, барлық зерттеу аяқталғанда сегізі үйге жіберілді. 7 науқас ауруханада жатыр. Жағдайы қалыпты. Өміріне ешқандай қауіп жоқ", – деді № 1 Көпбейінді қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жеңісбек Бапанов.

Ал полиция аталған жағдай бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Құзырлы орган апаттың нақты себептерін әзірге дөп басып айтпады.

"Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Апаттың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Полиция департаменті жүргізушілерді жолда өте мұқият болуға, төтенше жағдайларды болдырмау үшін жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады", – деді ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков.

Бағанаға соғылған қоғамдық көлік алтыншы автобус паркіне тиесілі. Құны 78 миллион теңге болатын автобустың жолаушы тасымалдап жүргеніне небәрі 2 жыл болған. Қытайда шығарылған темір тұлпарды Қазақстан тарапы 7 жылға лизингке сатып алған. Қазір ол жүруге жарамсыз. Ал жүргізуші сол күні 3 күндік демалыстан кейін жұмысқа кіріскен. Рейске сағат11:00 шамасында шыққан азамат тиісті тексерістен түгел өткен. Кестеге сай, сағат 23:00 шамасында автобусты автопаркке әкеліп қоюы керек еді. Алайда айтып келмейтін апат болды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Жезқазғандағы балабақшада бүлдіршіндер жертөледе ұйықтаған

Новости партнеров