Жас ғалым: 2 мыңнан астам ғылыми жоба іске асырылды

11.03.2025 14:42

Жыл сайын ғылымға қосқан үлесі және ғалымдарды ынталандырғаны үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі

Almaty.tv

Мемлекет басшысының әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында 500 ғалымның жыл сайынғы тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау үшін шетелде ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі таңда осы тапсырманы іске асыру аясында 1475 тағылымдама берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2021-2024 жылдар аралығында гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді, соның нәтижесінде 2 мыңнан астам ғылыми жоба іске асырылды.

Жыл сайын ғылымға қосқан үлесі және ғалымдарды ынталандырғаны үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы беріледі.

Докторларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы өсуде. Мәселен, егер 2022 және 2023 жылдары докторантураға берілетін гранттар саны тиісінше 1815 және 1919 грантты құраса, 2024 жылы 2919 грант бөлінді.

Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту маңызды бағыт болып табылады. Мұндай өзара іс-қимылдың сәтті мысалы – ғылыми-технологиялық сессиялар. Бүгінгі таңда Қазақмыс, Қазатомөнеркәсіп, ERG, Қазминералс, Қармет, ҚазақОйлАқтөбе, Қазмырыш сияқты ірі кәсіпорындармен бірлесіп ел өңірлерінде осындай 9 сессия өткізілді.

Ғылыми-технологиялық сессияның қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысына 11 техникалық тапсырма ұсынылды. Осылайша ғылыми-техникалық тапсырмалардың жалпы көлемінің 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижелеріне негізделген.

Сонымен қатар 2024 жылдың басынан бастап жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымы мен технологияларын дамытуға күрделі салымдардан 1% аударудың жаңа тетігі енгізілді.

Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ЖОО базасында ғылыми инфрақұрылымды күшейту және кәсіпорындармен әріптестікте заманауи зертханалармен технологиялық парктер, инжинирингтік орталықтар құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Осы ғылыми жобаларды іске асыруда 10 зертхана ашылды, 5 спин-офф цехтары, 3 стартап іске қосылды, 468 млн теңгеге жеке ұйымдармен ғылымды қажетсінетін қызметтер шығаруға 14 шарт жасалды, 788,9 млн теңге жеке қоса қаржыландыру тартылды.

Сонымен қатар еліміздің университеттерінде (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) күрделі ғылыми міндеттерді шешуге, озық зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған 3 суперкомпьютер бар. Академиялық кластердің жалпы өнімділігі – 2 PFLOPS.

Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелері әртүрлі салаларда қолданылуда:

  •  Балқашта Satbayev University Металлургия және байыту институтының қазақстандық ғалымдары әзірлеген бірегей технология бойынша тазартылған селеннің алғашқы партиясы шығарылды.
  • Сонымен қатар биолог-профессор Дос Сарбасов бастаған Nazarbayev University қазақстандық ғалымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты. DVC деп аталатын дәрі-дәрмектің құрамына С витаминінің жоғары дозасы және төмен концентрациядағы мышьяк кіреді. Препарат глюкозаны сіңіретін рак клеткаларына әсер етеді.
  • Бүгінгі таңда қазақстандық ғалымдардың қатерлі ісікке қарсы препараты пациенттерге оң әсермен клиникалық сынақтардың екі бастапқы кезеңінен сәтті өтті.
  •  Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары Қазақстанда алғаш рет травматология, нейрохирургия, жақ-бет хирургиясы, онкология және радиология үшін отандық имплантат дайындады.
  •  Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ғалымдар металлургиядағы коррозиямен күресудің инновациялық әдісін – «Сақтау» коррозияға қарсы жабын әзірледі.
  •  Қазақстандық ғалымдар тобы қазақ тілінде жасанды интеллектті дамытуға бағытталған KazLLM үлкен тілдік моделін әзірледі.

KazLLM қазақ тіліндегі мәтіндік ақпаратты өңдеу, аудару және талдау, сондай-ақ қазақ тілін заманауи технологияларға интеграциялау үшін тиімді шешімдер жасауға ықпал ететін болады.

Мемлекетті қолдау, жастарды белсенді тарту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту елдің дамуы үшін жаңа көкжиектер ашады. Ғылым инновацияның қозғаушы күшіне айналып қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты даму мен өркендеуге бағытталған ұлттық стратегияның маңызды элементіне айналады.

Оқи отырыңыз: Ғылыми ұйым қызметкерлерінің жалақысы өсті