Сенат төрағасы кадр даярлау саласына жүйелі өзгерістер енгізу қажет екенін айтты
Сенатта «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді белгілеп бергенін атап өтті. Соның ішінде нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау, сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек адамының мәртебесін арттыру және экономиканы әртараптандыру арқылы ішкі жалпы өнімді ұлғайту сияқты басымдықтар айрықша мәнге ие.
«Қазір кәсіпорындарға білікті мамандар жетіспей жатқаны белгілі. Соған қарамастан, көптеген жас кадрлардың жұмысқа орналаса алмай жүргені де жасырын емес. Тіпті әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан қазір жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, оларды икемді етіп, экономиканың бүгінгі және алдағы уақыттағы қажеттіліктеріне бағыттау қажет. Жұмысшылар табысының тұрақты өсуіне жағдай жасайтын өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға баса мән берген жөн. Соның ішінде заманауи технологияларды енгізудің және цифрландырудың мәні зор. Осы саладағы маңызды міндеттердің тағы бірі – өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл ретте Парламент депутаттары тиісті заңдарды уақтылы қабылдап келе жатқанын айта кеткен абзал. Сондай-ақ заңнамалардың орындалуын бақылауды күшейту, алдын алу шараларын кеңейту және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру қажет», – деп, Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта да Парламент қажетті бастамаларға заңнамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Биыл 262 мектеп жаңартылады