Жасанды интеллект шамадан тыс жүк артқан көліктерге айыппұл салмақ

Министр Қарабаев «ақылы жолдармен жүру ақысы төрт есе қымбаттайды» деген ақпаратты жоққа шығарды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдегі жолдардың сапасына қатысты тұрғындардан 40 мыңнан астам арыз-шағым түскен. Бұл туралы бүгін Премьер-министр мәлімдеді. Олжас Бектенов «облыстық және аудандық трассалардың жөндеуіне қомақты қаржы бөлініп жатса да, сапасы сын көтермейді» деп өңір басшыларына ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде 25 мың шақырым республикалық автожол болса, көлік министрі Марат Қарабаев соның 21 мың шақырымымен жүріп жай-күйін бағамдапты. «Жолдың күйі жақсы болып келе жатыр» деген министрдің  сөзі мен Премьер-министр Олжас Бектеновттің қолындағы дерегі сай келмеді. Өйткені шұрық-тесік жолдарға көңілі толмаған тұрғындардан 40 мыңнан астам арыз-шағым түскен.

"Өңірлерде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарында құрылыс технологияларын сақтамау және мерзімәнен кешіктіру байқалып отыр. Әкімдер бұл мәселені бақылауға алуы тиіс. Көлік ағынын басқару ісіне заманауи ІТ-технологиялар мен жасанды интеллект енгізуі қажет. Бүгін отырыста айтылған цифрлық шешімдерді ел аумағына кеңінен таратуға болады", – деді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

Үкімет жол салуға алынған қарыздардың пайызын жүргізушілердің ақшасы арқылы өтеуді құп көріпті. Сондықтан да биыл қосымша 4 мың шақырым трассаны ақылы етпек. Министр Марат Қарабаевтың есебінше, олардан түсетін түсім биыл 60 миллиард теңгеге, келесі жылы 100 миллиардқа дейін жетуі тиіс.

"Бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Қазір республика бойынша ұзындығы 3200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді. 2024 жылы олардан түсетін түсім 48 миллиард теңгені құрады", – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.

Министр Қарабаев «ақылы жолдармен жүру ақысы төрт есе қымбаттайды» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол тарифтер әр учаскеде түрлі болатынын атап өтті. Кейбір жерлерде өсім 30 пайыз болса, енді бір аумақта 40 процентке жетеді. Сондай-ақ бұл бастама жергілікті тұрғындарға әсер етпейтінін, тек шетелдік транзиттік көліктерге арналғанын жеткізді. Ал цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жолдарды жасанды интеллект арқылы бақылап отырғанын айтты. Тіпті сапаны сақтау үшін цифрлық жүйе қолданысқа енгізіліп, шамадан тыс жүк тасыған машиналарға айыппұл салу автоматтандырылатын мәлімдеді. Бұл бастама жол бойын торуылдаған көлік инспекторларының санын қысқартып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алмақ.

"Бүгінгі таңда «Astana Hubқа» автожол және көлік саласында жұмыс істейтін 24 инновациялық жоба тіркелген. Олардың кірісі 15 миллиард теңге, экспорт 1 миллиард теңгені құрап, 1700-ден астам жұмыс орны ашылды", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Жаслан Мәдиев 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдарды 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етуді көздеген. Оның айтуынша, тиісті талдау жұмыстары аяқталған. Егер Үкімет қаржылай қолдау көрсетсе, құрылғыларды орнатуды бастап кетуге дайын екен.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Республикалық маңызы бар барлық жолдар 2027 жылға қарай интернетпен қамтамасыз етіледі

Новости партнеров