Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана, 300 млннан астам кітап бар
Желі дамып, телефонға телмірген заманда жастар кітап бетін ашпайды деген пікір жиі айтылады. Ертең ел тұтқасын ұстар азаматтар шынымен кітап оқудан қалып бара ма? Almaty.tv тілшісі зерттеп көрді.
Нұрай Жеңісқызы 7 сыныпта оқиды. Ол аптасына бір рет сыныптастарымен бірге әдеби кітап оқып, талқылауды әдетке айналдырған. «Адамзат баласына керектінің бәрі кітапта»,– дейтін ол 100-ге жуық шығарманы оқыған.
«Кішкентай кезімде ертегі көп оқитынмын. Анам оқығанды емес, өзім оқыған ұнайтын. Себебі өзің оқысаң, жақсырақ түсінетін сияқтымын. Автордың ойын сезіне білесің», – деді оқушы Нұрай Жеңісқызы.
Ұлттық кітап күні қарсаңында eGov мобильді платформасы сауалнама жүргізген. Оған еліміздің барлық өңірінен 46 мыңға жуық адам қатысыпты. Респонденттердің 57 пайызы тұрақты негізде кітап оқитынын айтса, 30, 6 пайызы уақыттың жоқтығынан мүлдем оқымайтынын мойындаған. Ал көрермендердің түрлі жанрда кітап оқыған.
БЛИЦ:
«Соңғы кездегісі есіме түспей жатыр, көп кітап оқығам»
«Өз-өзін байыту» деген кітап бар, коучтар айтып жүрген, соны оқыдым»
«Кітап оқуға қарағанда, кино көргенді жақсы көремін».
«Абылай Кенжалының «Ризық кілттерін» оқыдым»
Қанша адам болса, сонша пікір бар. Бастысы кітап оқитын адам азайған жоқ. Мамандар «Кітап оқу мәдениетін сақтап қалу керек» дейді. Себебі балалар смартфонға байланған заманда, бұл құндылықтың маңызы жоғары. Жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру ел мәдениетінің дамуына жол ашады.
«Кітап оқу трендке айналғаны белгілі. Қазір кітап оқудың түрлі техникалары бар. Соның ішінде жасанды интеллект арқылы насихаттауды қолға алып жатырмыз. Жасанды интеллекттің көмегімен кітапты насихаттауды бастаймыз деген жоспар бар», – деді облыстық Фараб кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова
Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана, 300 млннан астам кітап бар. «Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз» керек екенін Мемлекет басшысы да айтқан. Сондықтан оқырман қатарын көбейту тоқтамаса игі.
Нұркен Әкімхан, Түркістаннан
Оқи отырыңыз: СИЗО: Бигелді Ғабдуллиннің кітабы жарық көрді